Тоқаев: Қазақстан Иранға жалпы құны кемінде 200 миллион доллар болатын тауар тасымалдауға дайын

Көркем Алдабергенова 11 жел. 2025 13:17

Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алу рәсімі өтіп, келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Келіссөз барысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастық перспективасы қарастырылды.

“Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін”, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдау білдіріп, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырудың, Қазақстан-Иран бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті.

Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған.

Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар