11 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзеді.
Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров пен басқа да ресми тұлғалар қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Президент Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесті.
Студенттер Мемлекет басшысына қазақша тіл қатты. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітаптарында көрініс тапқан дипломатия мен ашықтық қағидалары Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында үлгі ретінде оқытылатынын жеткізді.
Сонымен қатар жастар Абай Құнанбайұлы шығармашылығына зор қызығушылықпен қарайтынын айтты.
"Ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген достық туралы ой орамдары өте ерекше. Ресей мен Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты деп есептейміз. Екі елді, екі халықты риясыз, шынайы достық қарым-қатынас байланыстырады", – деді жастар.
Мемлекет басшысы студенттердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасына жоғары баға беріп, оларға сәттілік тіледі.
"Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты – өте беделді жоғары оқу орны. Бүкіл әлемге танымал. Қазақстан бүгінде дербес мемлекет. Менің ойымша, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында алған білімдеріңіз болашақта мол пайдасын тигізеді. Өйткені түрлі елдер туралы, оның ішінде Ресейдің бұрыннан келе жатқан одақтасы Қазақстан жайында көп мағлұмат білу Сіздерге кейін жұмысқа орналасуға, сондай-ақ әлемде және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі", – деді Президент.
Ал Астана уақыты бойынша кешкі 23.00-ге қарай Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
"Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана протокол аспектілері жөнінде айтылды. Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар", - деді мемлекет басшысы.
Владимир ПУТИН:
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын".
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Кремльде 2,5 сағаттан аса уақыт бейресми жағдайда емен-жарқын әңгімелесті.
