Тоқаев: "Өзгергісі келмейтін министр мен әкімдерді жұмыстан қуамын"

Dalanews 23 нау. 2020 12:15

Шешім қабылдауда ескі шаблондардан арылатын кез келді. Бұл туралы Ақордада төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген президент Тоқаев айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Президент пікірінше бүкіл мем.аппарат басқарудың бұрынғы әдіс-тәсілдерінен арылып, жаңа жағдайға бейімделуі керек. Әйтпесе орнын босатады.

"Қалыптасқан жағдайда мемлекетті басқарудың жолдарын түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдайтын тұлғалар өз-өзіне жауапкершілік ала біліп, батыл, әрі нәтижелі шешім шығаруы керек.


Дағдарыс салдарымен күресу үшін мемлекеттік басқару жүйесіне шұғыл шешім қабылдайтын құқық беретін қаулы қабылдадым.

Бұдан былай мем.органдар кез-келген мәселені қарастырарда өз әлеуетіне сеніп, өз көзқарасы негізінде шешім қабылдай алады. Бұл бірінші кезекте бюджет процесі, баға бақылауы, мемлекеттік сатып алу, жеңілдік беру секілді мәселелерге қатысты", – дейді Тоқаев.

Президент Үкімет мүшелері мен әкімдерге біркездегі жайбарақат өмірдің келмеске кеткенін еске алып, мүлде басқа жағдайда жұмыс істейтін кез келгенін ескертті.


"Қазіргі жағдайға жүрдім-бардым қарап, баяғы әуеніне басып, ешнәрсені өзгерткісі келмей, ескі тәсілмен басқара бергенді ұнататын, елден бұрын, жеке басының мүддесін жоғары қоятын министрлер мен әкім-қаралар орнын босатады.

Бүйтпесек бұл дағдарысты еңсере алмаймыз. Министрлер мен әкімдер шапшаң қимылдауы қажет", – дейді Тоқаев.

Президент мем.басқарудағы өзгерістерді жылдамдатып енгізіп,  дағдарысқа қарсы шара қабылдауды Үкімет басшысына тапсырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар