Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің тамыз конференциясында Қазақстандағы мектеп оқулықтарының сапасына қатысты сын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы оқу құралдарынан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын айтып, білім беру материалдарын қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы бүгінгі конференция қорытындыларына сүйенген бірнеше қазақстандық БАҚ хабарлады.
Тоқаевтың айтуынша, оқулықтардағы қателер білім сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе тарихи оқиғалар мен деректердің бұрмалануына назар аударған Президент балаларға шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді беруге болмайтынын айтты.
«Тек ойланып көріңіздер: оқулықтарда 700-ден астам қате бар!» – деді Мемлекет басшысы.
Президент оқу материалдарында болмаған оқиғалар мен ойдан шығарылған кейіпкерлерді тарихи шындық ретінде көрсетуге жол бермеу керектігін атап өтті. Оның пікірінше, патриотизмді жалған немесе бұрмаланған мәліметтер арқылы қалыптастыру қоғамның моральдық негізіне кері әсер етуі мүмкін.
Бұл мәселе бұған дейін де білім саласындағы ресми құжаттарда көтерілген. Қазақстанның білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында оқулықтардың, соның ішінде қазақ тіліндегі оқу әдебиеттерінің мазмұнын қайта қарау қажеттігі көрсетілген. Құжатта әсіресе «Қазақ әдебиеті» пәнінің мазмұнына қатысты өзгерістер қажеттігі атап өтілген.
Қазір оқулықтарды іріктеу мен сараптау жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады. Білім министрлігінің мәліметінше, оқу әдебиеттері ғылыми-педагогикалық сараптамадан, пысықтаудан, пилоттық мектептерде апробациядан, қоғамдық талқылаудан және пәндік сараптау комиссиясының қорытындысынан өтеді.
Мәселен, 2026-2027 оқу жылына ұсынылатын оқулықтарды бағалауға 116 сарапшы қатысқан. Олардың қатарында жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен арнайы даярлықтан өткен тәжірибелі педагогтер бар. Сараптамадан 4 және 8-сыныптарға арналған қайта басылатын оқу әдебиеттері, 7-9-сыныптарға арналған дүниежүзі тарихы, 9-10-сыныптарға арналған «Құқық негіздері» және басқа да пәндердің оқулықтары өткен.
Бұған дейін де жаңа оқулықтарды мектептерде сынақтан өткізу тәжірибесі қолданылған. 2025-2026 оқу жылына арналған жаңа оқу құралдары 31 пилоттық мектепте, ал 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар 34 пилоттық мектепте апробациядан өткізілді. Оның мақсаты – оқулықтардың артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтап, мектептер үшін тиімді оқу материалдарын іріктеу.
Министрлік соңғы жылдары оқулықтардың сапасын бақылау талаптарын күшейтіп келеді. 2025-2026 оқу жылына арналған оқу әдебиеттерін сараптау барысында 278 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал қаралып, оның 266 атауы пайдалануға ұсынылған. Министрлік сараптама ғылыми-педагогикалық талаптар, апробация нәтижелері және әр басылымды жан-жақты талдау негізінде жүргізілгенін мәлімдеген.
Осыған қарамастан, Президенттің бүгінгі сыны оқулықтарды сараптау жүйесінің нәтижесіне қатысты мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетті. Мемлекет басшысы әсіресе тарихи деректердің дұрыстығына назар аударып, мектеп оқушыларына берілетін ақпараттың сапасы мен шынайылығын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Яғни мәселе тек оқулықтағы қате санында емес, сол қателердің сараптамадан өтіп, мектеп оқушысына дейін қалай жеткенінде болып отыр.