Тоқаев Кипрмен сауда көлемін арттыруға шақырды

Тоқаев Кипрмен сауда көлемін арттыруға шақырды
Aqorda.Kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидис Астанада кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық байланыстарды кеңейту және жаңа экономикалық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақорда мәліметінше, мемлекет басшысы Кипр президентінің Қазақстанға жасаған сапарын тарихи оқиға деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері Кипр басшысының елімізге алғашқы ресми сапары болып отыр.

«Біз жаңа ғана шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенімізді растадық. Қазақстан өзара тиімді келісімдерді бекітуге дайын. Өйткені елдеріміз арасында қалыптасқан достықты құрмет тұтамыз», - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сапардың Кипрдің Еуропалық одақ кеңесіне төрағалық етіп отырған кезеңмен тұспа-тұс келуі ерекше символдық мәнге ие. Сонымен қатар ол Кипрдің халықаралық аренадағы беделі соңғы жылдары айтарлықтай артқанын атап өтті.

Қазақстан басшысы екі ел арасындағы саяси байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын айтып, Астана мен Никосияда елшіліктердің ашылуы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді. Сондай-ақ Ларнака мен Астана арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің іске қосылуы байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам ретінде бағаланды.

«Қазіргі сауда көлемі экономикаларымыздың нақты әлеуетіне толық сай емес екенін түсінеміз. Сондықтан ортақ мақсатымыз – саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру», - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Кипрден Қазақстанға ауқымды бизнес делегациясының келгеніне назар аударып, бұл кипрлік инвесторлардың елімізге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсететінін айтты. Оның пікірінше, алдағы уақытта цифрландыру, жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы әріптестікті күшейту қажет.

Президент Қазақстанның кипрлік компаниялардың инвестициялық жобаларын қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Өз кезегінде Никос Христодулидис Қазақстанды Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық серіктесі деп атады. Оның айтуынша, Кипр қазақстандық компаниялар үшін Еуропа нарығына шығатын сенімді алаң бола алады.

«Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа», - деді Кипр президенті.

Христодулидистің айтуынша, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия көздері мен инфрақұрылым екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айналуы мүмкін.

Келіссөз барысында тараптар сауда және инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникациялар, жасанды интеллект пен қаржы салаларындағы ықпалдастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев 2028 жылға дейінгі Экономикалық ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуді ұсынып, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру бастамасын көтерді.