Тоқаев жас жігітке Алғыс айтты

Dalanews 18 нау. 2021 16:21 696

Осыдан біршама уақыт бұрын өртеніп жатқан пәтерден екі бірдей баланы аман алып шыққан Арман Бақытбайұлына бүгін Мемлекет басшысының Алғыс хаты берілді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ержүрек азаматты арнайы қабылдап, марапатын тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысы А. Баталов көпшіліктің алдында Президенттің Алғыс хатын оқып берді. «Арман Бақытбайұлы! Сіз адам өміріне қатер төнгенде шұғыл шешім қабылдап, асқан батылдық көрсеткен ержүрек азамат ретінде танылдыңыз. Өрт құшағында қалған бүлдіршінді жанқиярлықпен құтқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз. Замандастарыңызға үлгі боларлық ержүректігіңіз бен өжеттігіңіз үшін Сізге алғысымды білдіріп, болашақта өз ісінің білгір маманы, Отанымыздың нағыз патриоты болатыныңызға сенім білдіремін» делінген мәтінде.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінің 3 курсында оқитын Арманмен тілдесіп, отбасының жағдайын, оқуының жайын сұраған облыс әкімі:

– Сенің батыл әрекетің туралы естіп, білген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы алғысын жолдап, ісіңді ерліктің жарқын үлгісі деп бағалады. Қазір өзің спорттық бағытта білім алып жүрсің, әрдайым рухың мықты болсын! Қандай көмек қажет болса, мен әрдайым қолдауға әзірмін. Оны бұған дейін де өзіңмен кездескенде айтқанмын. Осындай жастарды жан-жақты насихаттап, өзгелерге үлгі етіп көрсете білуіміз керек, – деді А. Баталов.


Өз кезегінде мұндай үлкен ілтипатқа қуанышын білдірген Арман Бақытбайұлы ешкімнің де батыр болып тумайтынын, оны өскен ортасы, көрген тәрбиесі бойына сіңіретінін атап өтті.

– Дегенмен өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Менің орнымда болса, әр адам осылай жасар еді. Мұны қоғамның бір мүшесі ретінде өзге жандарға пайдамды тигізген азаматтық парызым деп білемін. Президенттен алғыс аламын деп күткен жоқпын. Мемлекет басшысына осындай құрмет көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Арман Бақытбайұлы.

Еске салсақ, 2019 жылдың наурыз айында Талдықорған қаласының тұрғыны, студенті Арман Бақытбайұлы көшеден өтіп бара жатып көп пәтерлі үйдің екінші қабатынан көмекке шақырған дауысты естиді, терезеден түтін шығып жатқанын көреді. Арман газ құбырымен өрмелеп, есігі жабық пәтердің ішінен терезеден екі кішкентай қызды алып шыққан. Кішкентай балаларды ата-анасы сыртынан жауып, жұмысқа кеткен екен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, қажетті көмек көрсеткен. Бұдан соң облыс әкімі А.Баталов Арман Бақытбайұлын жеке қабылдап, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі  ақылы оқуын облыс әкімінің грантына ауыстырған болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар