– Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңсыз әрекеттерді жүзеге асыратыны жасырын емес.
Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды.
Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Отандық бизнестің дәл осындай сипаты тұтас мемлекеттің беделіне зор нұқсан келтіреді.
Басқаша айтқанда, елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет.
Ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесу керек. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы осы мәселелерді шешу үшін бірқатар нақты шараны белгілеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен, құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалауды азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін ескертті.
– Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді.
Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.