Президент бизнестің өзекті мәселелерін талқылау жақсы дәстүрге айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қаңтар айында болған кездесуден кейін елімізде және әлемде талай нәрсе өзгерген.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің келешегі экономиканың мықты болуына байланысты және кәсіпкерлер мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек.
– Жалпы, жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды.
Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алды.
– Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті.
Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.