Мәжіліс депутаты Айдос Сарым конституциялық реформа барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілеттігі өзгермейтінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Біздің президентіміз кейбір адамдар ойлағандай билікқұмар адам емес. Ол өз ұстанымы бар, философиясы бар адам. Сондықтан, менің ойымша, 2029 жылы Қазақстанда үшінші президент болады. Меніңше, президент өз сөзіне берік азамат", - дейді Сарым bairaq media-ға берген сұхбатында.
Ол конституцияда президенттің өкілеттігін, әлеуетін арттыратын норма жоғын айтады.
"Ең көп өзгеріс адам құқығына қатысты, екінші орында өкілетті билік, сот жүйесі. Соларға қатысты жаңа баптар бар. Вице-президент институты кіріп жатыр дегеннен басқа президенттің рөлін күшейтетін баптар жоқ. Алдағы уақытта алдыңғы нұсқасын таныстыратын шығар", - дейді депутат.
Ол президенттің мерзімі өзгермейді деп сендірді.
"Туыстары саясатқа араласпайды. Жемқор шенеуніктер сайланбауы тиіс деген баптар еніп жатыр. Президент бір мерзімге - 7 жылға сайланады", - дейді Айдос Сарым.
