Тоқаев азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі. Бұл саяси реформаның маңызды тармағы – сарапшы

Dalanews 12 қаз. 2022 13:35 947

Ақорда азаматтық қоғамның елдегі саяси өзгерістерден тысқары қалғанын қаламайды. Тоқаев қолға алған маңызды реформаларға қоғам да белсенді атсалысуы тиіс. 

«Азаматтық қоғамға қарасты институттардың ықпалы артқан сайын саяси реформалар да жүрдек жүреді.

Азаматтық қоғамның қалыптасуы мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтеді», – дейді осы орайда Dalanews-ке пікір білдірген саясаттанушы Арман Тоқтышақов.

Оның пікірінше Әділетті Қазақстанды қалыптастыру үшін халықтың саяси мәдениетін көтеру басты міндет.

Президенттің саяси реформалары шеңберінде бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған. Соның ішінде митинг өткізудің ережелеріне өзгеріс енгізген, бұдан былай билікке шағым айтқысы келген аудитория митинг өткізетін жер іздеп, әуре-сарсаңға түспеді, наразылық акциясын жергілікті әкімдікке алдын-ала ескертсе жеткілікті.

Бұдан бөлек партия құруға қажетті шекті деңгей төмендетілді (40 мыңнан 20 мыңға дейін). Мәжіліс пен Мәслихатта әйелдерге арнап 30 пайыздық квота бөлінді. Тоқаев билікке келгелі ауыл әкімдері тікелей сайланатын жүйе іске қосылды, алдағы уақытта бұл талап аудан әкімдеріне де таралады.

Осы жайттарды тілге тиек еткен Арман Тоқтышақов Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық кеңестің де өз міндетін ойдағыдай орындағанын айтады.

«Қоғамдағы саяси және экономикалық өзгеріске деген сұраныс Ұлттық сенім кеңесі арқылы жүзеге асты. Осынау құрылы мемлекет пен азаматтық қоғамның диалог орнатуына дәнекер болды.


Оның орнына келген Ұлттық құрылтай осы диалогты жаңа деңгейге көтеріп, Әділетті Қазақстанды құру үрдісін жеделдетері анық.

Дегенмен, бұдан былай тек диалогпен шектелу аздық етеді, екіжақты пікір алмасу барысында азаматтық қоғамды қалыптастыру мен дамытуға бағытталған идеяларды іске асыру қажет. Мемлекет пен қоғам арасындағы өткен отыз жылда құлап, қирап тынған көпірді тез арада қайта көтеру керекпіз», – дейді сарапшы.

Айта кетелік, Ұлттық сенім кеңісі мен Ұлттық құрылтайдың сарапшылар құрамындағы біршама айырмашылықтар бар. Кеңестің қатарына негізінен мемлекет және қоғам қайраткерлері енсе, Құрылтайдың ауқымы әлдеқайда кең.

Оған адам құқығын қорғау саласының өкілдері, бизнес, ғылым мен білім, медицина маманы, танымал спортшылар, өнер қайраткерлері және жастар ұйымдарының белсенділері енген.

Ұлттық құрылтай сапындағы тағы бір ерекшелік: құрылымға әрбір өңірдегі Қоғамдық кеңестің белсенділері де кіріп отыр.

«Бұл еліміздегі қоғамдық кеңестердің жұмысына серпін беруі тиіс. Тоқаевтың тұсында жалпыұлттық диалог дейтін ұғым мемлекеттік деңгейге көтерілгені қуантады. Диалог алаңдарының көбейгені азаматтық қоғамның еркін пікір білдіруіне жол ашады. Бұл өз кезегіндегі билікке айтар арыз-шағымы бар аудиторияның ашуын тарқатып, байыпты пікірталас өрбітуге себепкер болады.

Азаматтық қоғамның қозғаушы күші саналатын жастар Ұлттық құрылтайдың құрамына өтіп, елдің бүгіні мен болашағына қатысты көзқарасымен бөлісуге әзір отыр», – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше дамыған елдерді мұндай диалог алаңдары жетіп артылады, олардың ұғымында дәл мұндай «ашық алаңдардың» молынан болуы демократияың белгісі ретінде бағаланады.

Ал демократия рейтингіндегі біздің елдің әзіргі көрсеткіші аса мәз емес. 2021 жылғы индекске сайы Қазақстан 128-ші орында тұр.


«Бірақ, бұған бола қайғырудың қажеті жоқ. Сөзден іске көшіп, қоғамды демократияландыру жолында қауырт әрекет еткеніміз маңызды. Ұлттық кеңес пен Ұлттық құрылтай халықтың саяси сауатын арттыруға жойқын үлес қосты.

Ал саяси мәдениетті артқаны уақыт өте келе электоралды науқанға әсер етіп, халықтың ықпалын арттыра түседі. Жаңа Қазақстан бұл тенденциядан бас тартпауы керек. Бұл жүйені жаңартудың ең басты алғышарты», – дейді Арман Тоқтышақов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар