Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Абайдың халықты бейқамдық пен жалқаулықтан арылып, білімге, еңбекке және рухани кемелденуге ұмтылуға шақырғанын айтты. Оның пікірінше, ақынның «Толық адам» тұжырымы әр азаматтың рухани тұрғыдан жетілуіне үндейтін өзекті идея болып қала береді.
Тоқаев биылғы Абай күні Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, мемлекеттік билік институттарын жаңғырту процесі басталды. Сонымен қатар ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтетініне тоқталды.
Президент қазіргі өзгерістердің негізгі мақсаты азаматтардың бойына жасампаздық құндылықтарын сіңіріп, елдің дамуына жаңа серпін беру екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік құндылықтарды дәріптеу ісінде Абай мұрасына үнемі жүгінетінін айтты. Оның сөзінше, ұлы ақын білімге құштарлық, еңбекқорлық пен жауапкершіліктің халық болашағы үшін маңызды екенін түсіндіріп, елді бірлік пен келісімді сақтауға үндеген.
Президент Абайдың қара сөздеріндегі тағылым қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен үндесетінін атап өтті. Ол «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» идеяларын Абай армандаған қоғамның негіздері ретінде атады.
Тоқаев ұлы ойшылдың мұрасы өскелең ұрпақты отаншылдық пен туған елге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге алдағы уақытта да қызмет ететініне сенім білдірді.