[caption id="attachment_13710" align="alignright" width="366"] Мультфильм режиссерлері Тұрдыбек пен Тілек[/caption]
Егер мүмкіндік болса, «Тастүлекті» толықметражды мультфильмге айналдыруға болатынына да көзіміз жеткен. Жуырда «Тастүлекті» тұғырға қондырған жігіттерден жақсы хабар жетті. «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры Бақыт Қайырбеков «Тастүлекті» көріп: «Мұндай мультфильмдер еліміздегі мультипликацияның дамуына зор ықпал етеді. Енді мұны толықметражды мультфильмге айналдыру керек» деп, 2015 жылдың күзінде негізгі жоспардың қабылданып қойғанына қарамастан «Мұзбалақ» атты мультфильм жасауға ұжым болып кірісуді тапсырыпты. Дайындық кезеңіне ойланбастан кірісіп кеткен шығармашылық топ қазірдің өзінде мыңдаған сурет салып, алғашқы кезеңді ойдағыдай аяқтаудың алдында тұр. Енді өндірістік кезең басталады. Ол кезде 30-40 адам жұмыс істейді дейді қазіргі құрам. Біз осы жобаның режиссері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазыға жолығып, көкейдегі сұрақтарға жауап алған едік.
– Тұрдыбек, әуелі жұмыстарыңа сәттілік тілейміз. Толықметражды «Мұзбалақ» мультфильмін бітіру жоспары қай уақытқа белгіленген?
– Бұл бірер айда атқарар шаруа емес. Мыңдаған сурет салып, оны бояп-әрлеп, қозғалысқа енгізіп, арасын жалғап, музыкасы мен диалогтарды қабыстырып, монтажын бітіру үшін бірер жыл уақыт кетеді. Мультфильмнің ұзақтығы 60 минут. Егер әр секундта 24-25 кадр болатынын есептесеңіз, кемі 100 мыңдай сурет салынуы керек. Ішінде бірнеше мәрте сызылатын тұстары бар. Жоспар бойынша осы жылдың сәуіріне дейін дайындық кезеңі аяқталуы керек. Қазірдің өзінде басы қайырылды. Ал экранға 2017 жылы 1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай жол тартады деп отырмыз. Мұның бәрі бюджеттің уақтылы бөлінуіне байланысты. Былтыр күзде дайындық кезеңіне жетерлік қаржы бөлінген. Енді өндірістік кезеңнің бюджетін күтіп отырмыз.
– Дайындық кезеңі аяқталды дейсің. Бұл шамамен мультфильмнің қанша пайызы бітті деген сөз?
– Мультфильм: алғашқы, дайындық, өндірістік, монтаждау және аяқтау кезеңінен тұрады. Алғашқы кезеңі – тапсырыс алып, жұмысқа кірісу, шығармашыл топты анықтау, сценарийінің негізгі жүлгесін бекіту сынды жұмыстардан құралса, дайындық кезеңінде мультфильмнің негізгі арқауы бітеді. Бұл – әсіресе, шығармашыл топ үшін аса маңызды шақ. Біз, Құдайға шүкір, сол кезеңді аяқтап қалдық. Мультфильмнің сюжеттік желісі бойынша керекті кадрлардың алғашқы нұсқалары бітті. Ендігісі – өндірістік кезең.
– Фильмнің негізгі шығармашылық тобы туралы айта кетсең.
– Негізінен «Тастүлекті» түлеткен шығармашылық топ «Мұзбалақты» да қолға алып отыр. Режиссерлері – Мен және Тілек Төлеуғазы, қоюшы суретші – Адай Әбілдинов. Бас аниматр – Әміржан Қазиев. Сценарийдің алғашқы нұсқасын Ербол Бораншы жазды. Басында авторлық мультфильм жасағымыз келген. Кейін басшылықтың ақыл қосуымен экшн жанрында жасайық деген шешімге келдік. Мен, Тілек, Адай – үшеуіміз оқиғаны өрбітушілер болып белгілендік. Ерболмен ақылдаса келе балаларға да, ересектерге де қызықты болар сюжеттік желілер қостық.
https://www.youtube.com/watch?v=e6kzGxhoLUY
– Сценариймен танысу барысында «Тастүлектің» оқиғаларымен ұқсас сюжеттерді кезіктірдік.
– Басында Бақыт Ғафуұлы осы «Тастүлекті» жетілдіріп, толықметражды мультфильмге айналдырыңдар деген болатын. Кейін анимациялық кеңес мұны жеке мультфильмге айналдыру керек деп шешті. Екеуі де бүркіт туралы болғасын ұқсастықтардың болуы заңды. Бүркіт, аңшы, айдаһар образдары мұнда да кездеседі. Көрмеген адам бұрынғыны қайталау деп ұғуы мүмкін. Шын мәнінде, алдыңғыға қарағанда мүлдем бөлек. Мұндағы детальдар да, оқиғаның өрбуі де көлемді әрі толыққанды.
– Бақсы образын мұндада қосыпсыңдар. Ол абжыланның күн тұтылған кезде айдаһарға айналатынын, оған қарсы тұру қиын екенін ескертеді. Бұл мультфильмге бақсы образын кіріктіру қаншалықты қисынды?
– Біз бұл образды жайдан-жай қосып отырғанымыз жоқ. Бақсы мұнда ештеңе шешпейді. Тек абжыланның айдаһарға айналатынын, ол кездің ел үшін қиын болатынын айтады. Одан басқа мүмкіндігі де, қолынан келер қайран да жоқ. Бақсылар – біздің тарихымызда болған культтік образдар. Оларды жөнсіз мәнсұқтаудың пайдасы жоқ. Бұдан бөлек бұл сюжетте біз алғашқы көшпенділік өркениетті, адамдардың ең алғаш қыранды қалай қолға үйреткен кезеңін көрсетуге тырыстық.
– Сценарий бойынша, айдаһардың аранынан тек қыран құтқарады деген оймен аңшылар «аспан серісін» іздеп жолға шығады. Оқиға өрісі белгілі бір географиялық аймақта өте ме?
– Бізді тек бүркіт қана құтқарады деген ойды Сегізбай айтады. Шегір екеуі қыран ұстау үшін бүкіл қазақ даласын кезеді. Ақыры мұзартты шыңнан оның ұясын табады. Басында бүкіл адам: «Аспанда ұшып жүрген құсты қалай қолға түсіруге болады?» деп таңданатын сәттері бар. Ақыры олар өрмекшінің торын көріп, соған ұқсайтын тор құрып, бүркітті қолға түсіреді.
Меніңше, ең қызық тұсы – қыранды қолға үйрету. Шегір жылқыны үйреткендей оны күшпен мойындатқысы келеді. Сегізбай болса, оған еркіндік, мейірім керек деп ойлайды. Оқиға осы тұста одан ары шиеленіседі.
– Бұл мультфильмнің басты ерекшелігі ұлттық бояуында болса керек. Суреттерін сызу барысында қандай қиыншылықтар болды?
– Бәрі өзімізге таныс дүниелер. Мұндағы әр детальды тек қазақ қана түсінеді әрі тез қабылдайды. Мысалы, қыран туралы мультфильм жасау үшін шетелдіктер жыл бойы зерттеуі мүмкін, бірақ бәрібір қазақтың өзіндей қанық әрі нақты мінез-құлқын бере алмайды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей ешкім білмесі анық. Сондықтан да ұлттық дүниелерді қазақтың өзіндей ешкім түсіре алмайды.
Баяғыда бір мультфильм түсірушілер бізге хабарласып: «Ошақ деген не?» деп сұрады. Біз оларға әзер түсіндірдік. Қазір шалажансар мультфильмдерді солар түсіріп жүр. Оны көріп өскен жас ұрпақ біздің ұлттық құндылықтарымызды қалай қабылдамақ? Біз не жасасақ та, ұятқа қалмайтындай дүние жасағымыз келеді.
– Балаларға қызықты болатындай сюжеттер, детальдар бар ма?
– Барлығын алдын ала айту дұрыс болмас. Бірақ мұнда өте қызықты оқиғалар, балаларды қазақтың тұрмыс-салтымен әрі қызықты қимыл-қарекетер арқылы баурайтын сюжеттер, көріністерден кенде болмайды. Бұл мультфильм мектеп жасындағы балаларға және ересектерге арналған көркем дүние екенін есте ұстаған жөн. 2017 жылы Астанада ЭКСПО өтетінін білесіздер. Соған орай біз бұл мультфильмде жел, су, күн энергиясын бұрынғы ата-бабаларымыз қалай игергені туралы да қысқа-қысқа қызықты сюжеттер енгіздік.
– Заманауи технологияларды қаншалықты пайдалана алдыңдар?
– Мультфильм 2D және 3D форматында жасалады. Әлемдегі мультфильмдердің басым бөлігі осы технологиямен өндіріледі.
Әрине, әлемді аузына қаратып отырған алпауыт компаниялармен салыстыратындай технологиялық жаңалықтар жоқ. Оны қолдану мүмкін де емес. Мысалы, батыстағы ірі компаниялар бір жаңалық енгізбек болса, соған сай техникалық жаңа тәсілді ойлап табады. Біздікі – қазір әлемде ең көп қолданыстағы техникалық мүмкіндік.
Басты мәселе – қандай техниканы пайдаланудан бұрын, мультфильмнің кәсіби деңгейі. Біз сол жағына баса мән береміз.
– Бұл мультфильмнің басты ерекшелігі не деп айтар едің?
– Өнердің басты қағидасы – өзіңде барды, өзіңнің өзгелерден ерекшелігіңді һәм дүниетанымыңды мейлінше сол қалпында әрі көркем деңгейде ұсына білу. Біздің тарихта мықты ұлт болғанымыз, жылқыны қолға үйреткеніміз, үзеңгіні ойлап тапқанымыз, аңшы, құсбегіаталарымыздың өмір сүргені шындық. Бірақ бәрі көмескі тартып барады. Қазіргі балаларға құр тарихты оқудан гөрі, соның нақты атрибуттарын экрандап көрсетсек қана сенеді. Туымызда қыранның суреті бар ел екеніміз шын болса, сол қыранның тектілігін білуге тиіспіз. Біз соны көрсетуге талпынамыз...
– Әңгімеңе рахмет!
Т. ӨСКЕНБАЙ.
https://www.youtube.com/watch?v=EGKUJjTr8XM