Толағай

Dalanews 19 там. 2017 03:25 855

Илья Ильин – алты жасынан бастап ауыр атлетикамен айналысқан еліміздің саңлақ спортшысы. Жастайынан зерек болып, кез келген жағдайда алдына мақсат қоя білген Илья қазақ халқының алдында талай биіктерді бағындырып, еліміздің көк байрағын биік желбіреткенін білемін. Сондықтан «100 жаңа есім» жобасына спортшылар арасынан Илья Ильин секілді дарынды атлеттің енетін жөні бар.

Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралағанда ауыр атлет Илья Ильинмен әңгімелесіп, «Илья Ильин мен үшін чемпион болып қала береді» деп саңлақ спортшымыздың еліміз үшін орны айрықша екенін айтты. Иә, Илья Ильин – өзінің спорттағы жетістіктерімен елімізде талай жастың спортпен айналысуына ықпал еткен абзал азамат. Сондықтан біздер оның Қазақстанның ауыр атлетика саласын дамытуда қосқан үлесін ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Ел тәуелсіздігін нығайтуға әр салада өз үлесін қосқан саңлақ азаматтардың қатарынан ойып тұрып орын алатын жөні бар деп есептейміз.

Илья 2001 жылы 13 жасында спорт шеберінің нормативтерін толық орындап шығып, ел чемпионы атанғаннан кейін спорттық мансабында даңғыл жол ашылғаны белгілі. 2002 жылы сол жетістігін қайта жаңартты. 17 жасында ерлер арасында әлем чемпионы атанды. Ал бір жыл өткен соң, әлемнің екі дүркін жеңімпазы атанды.

Сондықтан Сыр өңірінің толағай батыры туралы әңгімелеуді жөн санап отырмыз. Сырт көзге Ильяның бүгінгі өмірі шат-шадыманға толы, әрі шытырманды қызық көрінетіні анық. Шындығында да, дәл солай. Алайда, чемпион бұл дүниенің есігін ашқанда дәрігерлер оның денсаулығында ақау бар, адам болмайды деп ойлап, асығыстық танытқанын екінің бірі білмеуі мүмкін. Бұл туралы әкесі Александр Геннадьевичтің өзі былай деп еске алады:  «Жарым екінші ұлымды босанғанда «ағасы Алексейге серік болатын болды» деп қатты қуандым. Бірақ қуанышымды дәрігерлердің, «балаңыз адам болмайды-ау, белгісіз бір инфекция жұқтырып алған тәрізді» деген сөзі су сепкендей басты. Шыны керек, біраз уақыт «баламнан айырылып қалам ба?» деп те қорқып жүрдім. Міне, дәрігердің «адам болмайды» деп диагноз қойған ұлым екі дүркін әлем чемпионы атанып, Олимпиада асуын бағындырып, Қазақстанның атын күллі әлемге асқақтатып отыр», – дейді.

Иә, бақытты әкенің бұл көңіл-күйін түсінуге болады. Өйткені, ақ халаттылар «о дүниеге аттандырып салған» баласы өсе келе толағай бала атанды. Жастайынан зерек өсіп, жаттығуларды өз салмағынан ауыр тас пен темірлерді қуыршақша басына асыра көтеріп жүрді. Бұл сөзімізге дәлел болу үшін ағасы Алексейдің мына сөзін қоса кеткеніміз жөн.

– Ол кезде Илюша алты жаста-ау деймін. Өзіммен бірге оны да жаттығуларға ертіп баратынмын. Маған штанганың темірлерін салып тұруға көмектесіп, жанымда ермек болып жүретін. Жаттығуларда зілтемірлер көтеріп, жаттығамыз. Ет пен сүйектен жаралған соң кейде штанганы көтере алмай, жерге тастай салатынбыз. Сондай кезде Илюша шыдамай жылап жіберетін. Темірдің ауыр екенін түсінгісі келмейтін. Байқайсыздар ма, Ильяның бала кездегі мінезі қазірге дейін бар. Ешқашан жеңілгісі келмейді. Қай жарысқа қатысса да, барлығында бірінші болып келуді көздейді, – дейді ауыр атлеттің ағасы.

Ильяны спортқа тәрбиелеген алғашқы «бейресми ұстазы», яғни ағасы туралы айтар болсақ, Алексей кезінде Қазақстан жарыстарында бірнеше рет көзге түскенімен,  бүгінде спортпен айналыспайды.

Бала кезінде Ильяның отбасы біреуден кем, біреуден тәуір өмір сүргенін бүгінде оны танитындардың барлығы айтып бере алады. Ол кезде әкесі қарапайым жұмысшы, ал шешесі Галина өзінің сүйікті жұмысын әлі күнге дейін тастамапты. Қайта, Қызылордадан сән салонын ашып алған ол бизнесін одан әрі өркендету үстінде. Шаш қиюды басты хоббиі етіп алған Галина Яковлевна баласының шаш қою үлгісін де өзі ойластырып береді екен. Бала кезінен шешесі ойлап тапқан шаш өсірудің «кірпі» үлгісін өзіне сән етіп алған.

«Толағай» республикалық жарыстарға жаңадан қатыса бастаған кезіндегі бір естелікті айтып берді.

– Бірде Өскемен қаласында өткен жарысқа қатысуым керек болды. Тікірейген шашымды көрген ұйымдастырушылар мені «тәрбиелемек» болды ғой деймін, маған «мына шашыңмен сайыс жолына шықпайсың» деді. Не істерімді білмей басым қатты. Бапкеріме, «бәрібір мына шашымды өзгертпеймін» деп коям. «Жарайды» деп келісті ол, «тек бірінші орын алғың келсе, өзгертуіңе тура келеді» деді. Амал жоқ, қобыраған шашымды жатқызуыма тура келді. Ұтып кеттім. Кейін Оңтүстік Кореядағы жарыста маған «ең көңілді шаш үлгісі бар спортшы» деген номинация берілді. Соған қарап шетелде мұндайға көзқарасы жақсы деген ойда қалдым. Бірақ кейін Доха мен Санто-Домингода қатарынан екі жыл әлем чемпионы атанған соң, Қазақстанда да ешкім шашымның бұл үлгісі үшін сөкпейтін болды, – дейді саңлақ спортшы. Қайта сол чемпиондықтан кейін Ильиннің шаш үлгісі артынан ерген кішкентай інілеріне сән болып жабысты.

Еліміздің даңқын асырып, атын әлемге танытқан саңлақ спортшымыздың Олипиада ойындарындағы «допинг дауынан» кейін спорттық менеджмент білімін меңгеруге ден қойғанын білеміз. Миллиондаған қазақстандықтарды бір сәтте қауанышқа бөлеп, кеудемізге шаттық сезімін құйған «Толағайымызды» біз ешқашан сыртқа теппеймыз. Біз үшін Илья чемпиондардың чемпионы болып қала берді.

Н.Әубәкір.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар