Токио Олимпиадасына Шығыстан 19 спортшы қатысуды көздеп отыр

Dalanews 19 сәу. 2021 04:17 854

Токиода өтетін Олимпиада ойындарына ШҚО-ның 19 спортшысы лицензия ұтып алуды көздеуде, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жапонияны астанасы Токио қаласында 2020 жылы өтуге тиіс болған XXXII жазғы Олимпиада ойындарының уақыты COVID-19 пандемиясына байланысты кейінге шегерілгені белгілі. Жарыс биыл, 23 шілде – 8 тамыз аралығында өткізу жоспарлануда.

ШҚО әкімдігіне қарасты Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Досжан Уалхановтың айтуынша, Шығыс Қазақстанның спортшылары аталмыш бәсекеге төрт Олимпиада лицензиясын ұтып алғанын хабарлады. Лицензия алған спортшылар: Данияр Қайсанов (еркін күрес), Руслан Құрбанов (семсерлесу), Нұрсұлтан Тұрсынов (грек-рим күресі), Ольга Рыпакова (жеңілатлетика).

Бүгінде жеңіл атлетика, ауыр атлетика, дзюдо, еркін күрес, слалом және байдарка мен каноэде есу және семсерлесу бойынша облыстың 19 спортшысы олимпиадалық лицензияға үміткер болып отыр.

– Лицензиялар ағымдағы жылдың шілдесіне дейін анықталатын болады. Қазір спортшылар ұлттық құрама командасының сапында оқу-жаттығудан өтіп, халықаралық рейтингтік жарыстарға қатысуда, – дейді Досжан Уалханов.

Сондай-ақ, биыл Қазақстанның бесінші жазғы жастар ойындары спорттың 33 түрі бойынша өткізіледі. Шығыс Қазақстан спортшылары спорттық ойынның 24 түріне қатысуды жоспарлап отыр. Қазір оқ ату, көркем гимнастика, әйелдердің еркін және грек-рим күресі, дзюдо бойынша жарыстар өтті.


Жалпы командалық есепті ескерсек облыстың құрама командасы республика бойынша 17 команданың ішінде 4-орында тұр. Дзюдодан құрамамыз командалық есепте 1 орынды, көркем гимнастика және еркін күрес бойынша үшінші орынды иеленді. Спорттық ойын тамызда аяқталады деп жоспарлануда.

Өткен жылы облыс спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда 2052 медаль жеңіп алды. Соның ішіндегі ең көбі – алтын медаль. Яғни – 780 алтын, 663 – күміс және 609 – қола. Сонымен қатар, облыс құрама командалары 450 оқу-жаттығу жиынына қатысты.

Айта кетейік, карантиндік шектеу шаралары бұқаралық спорттық жарыстардың өтуіне айтарлықтай кері әсерін тигізді. Мәселен, облыста былтыр жоспарланған 345 іс-шараның 172-сі ғана өткізілді. Оның ішінде шахмат, тоғызқұмалақ, гір көтеру, жеңіл атлетика бойынша 18 жарыс онлайн режимде өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде «Мен үйде жаттығамын» байқауы бастау алды. Сонымен қатар, облыстың атақты спортшылары күн сайын онлайн жаттығулар өткізді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар