Түркияның Анталья қаласында өткен Ethnosport 2027 жаһандық форумында тоғызқұмалақтың халықаралық мәртебесін арттыру мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Dala News.
2026 жылғы 4–5 сәуір күндері өткен форум Дүниежүзілік этноспорт одағының арнайы басқосуына айналып, ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Ашылу рәсімінде Түркия парламентінің төрағасы әрі ұйым басшысы Біләл Ердоған сөз сөйледі.
Форум барысында Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабасынов ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырып, бірқатар ұсыныстар ұсынды.
Іс-шараға Дүниежүзілік тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов, бас хатшы Мақсат Шотаев және вице-президент, Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн қатысты. Олар тоғызқұмалақты Ethnosport 2027 бағдарламасына енгізіп, халықаралық деңгейде кеңінен дамыту қажеттігін атап өтті.
Форум аясында тоғызқұмалақ делегациясы бірқатар халықаралық кездесулер өткізіп, Түркия, Тунис, Литва, Әзірбайжан және Эквадор елдерінің өкілдерімен байланыс орнатты.
Сондай-ақ Біләл Ердоғанға және басқа да шетелдік делегаттарға тоғызқұмалақ тақталары сыйға тартылып, ұлттық зияткерлік ойынның маңызы таныстырылды.
Қатысушылар тоғызқұмалақтың әлемде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оның ірі халықаралық спорттық форумдарда лайықты орын алуға толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
