Тіл мамандары Түркістан төрінде сайысқа түсті

Dalanews 15 қыр. 2021 08:19 885

Түркістанда ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен тілдерді оқыту орталықтары оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауы өтуде. Байқауға еліміздің 16 өңірінен тілдерді оқыту орталықтарының қазақ тілі оқытушылары қатысып, өзара бақ сынасуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сайыстың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту. Байқауды Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып, тіл сайысының маңыздылығына кеңінен тоқталып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ ол сайысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Құрметті жарысқа қатысушылар, қала қонақтары! Қазақ руханиятының алтын бесігі, ұлттық құндылықтардың қазыналы діңгегі Түркістан өңіріне қош келдіңіздер! Бүгінгі тіл сайысының түркі халықтарының рухани астанасы – Түркістан төрінде өтуінің өзінде терең мән бар. Тіл – қазақтың байлығы, тіл – ұлттың жаны. Сондықтан тілімізді дәріптеу, құрметтеу біздің басты парызымыз. Ендеше бүгінгі сайыста бақ сынағалы келіп отырған баршаңызға сәттілік серік болсын, – деді Әзімхан Серікұлы.


Жалпы байқау бес кезеңнен тұрады. Аталған кезеңнен сүрінбей өткендер ақтық сында өзара мықтыны анықтайды. Жарыс қорытындысы кешкі 18:00-де анықталып, жеңімпаздар марапатталып, оларға сый-сияпат табысталмақ.

Айта кетейік, Түркістан облысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.



Облыста 16 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтары бар. Орталықтарда 15 әдіскер, 30 қазақ тілі, 18 орыс тілі, 24 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді.

Тілдерді оқыту орталықтарында 2020 жылы 4042 адам мемлекеттік тілді үйреніп шықса, оның ішінде 1071 адам өзге этнос өкілдері. Ал, 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша оқыту орталықтарында жалпы саны 4653 адам тіл меңгеріп шыққан. Облыста мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің үлесі 69,5 пайызды құрайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар