Алматыда TikTok әлеуметтік желісінде әдепсіз сөздер қолданып, бейнежазба жариялаған екі блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері TikTok желісін мониторингтеу барысында екі жас жігіттің балағат және қорлайтын сөздер қолданған видеосын анықтаған. Видео авторлары оны әзіл-сықақ контенті ретінде ұсынған.
Тексеру барысында бейнежазбаға қатысқандардың жеке басы анықталды. Олар – 25 жастағы Ибраим Стамбеков пен 21 жастағы Абай Абдыханов. Аталған дерек бойынша екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен кінәлі деп танылды. Нәтижесінде әрқайсысы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қоғамдық ақпараттық кеңістікте боқауыз сөздер айтып, қорлайтын пікірлер жариялау заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
«Әзіл форматында жарияланған контент болса да, оның мазмұны үшін жауапкершіліктен босатпайды», – деп мәлімдеді ІІМ.