Астанада TikTok арқылы Ұлыбританияға жұмысқа орналастыруға уәде берген ер адам алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті TikTok әлеуметтік желісінде Англияға жұмысқа орналасуға көмектесетіні туралы жарнамалар жариялаған. Ол азаматтарға кеңес беріп, түрлі сауалнамалар жіберіп, құжаттарды рәсімдеу үшін ақша аудару қажет екеніне сендірген. Алайда ақшаны алғаннан кейін уәде еткен қызметін көрсетпей, байланысын үзген.
Оның әрекетінен 10 адам зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын 1 миллион теңгеден асқан. Сот ер адамды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған пробациялық бақылау белгіленді.
Бұдан бөлек, сотталған азаматқа пробация қызметін ескертпей тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ауыстыруға, ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Егер оның тұрақты жұмысы болмаса, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбек өтеуге міндеттелді.