Талдықорғанда өрт сөндіру кезінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері биіктен құлап кетті. Оқиға тұрғын үйдегі өртті сөндіру барысында болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан өрт сөндірушінің сатымен үшінші қабатқа көтеріліп бара жатқан сәті көрінеді. Ол өрт шыққан пәтердің терезесінен ішке кіруге әрекеттеніп жатқанда, кенеттен құлап кетіп, бетонға құлаған. Видео авторының айтуынша, саты орнықты болмаған, салдарынан қызметкер есінен танып қалған.
— Үшінші қабаттан құлады. Әлсіреп жатыр. Бір жері сынған шығар, – дейді куәгер.
Желі қолданушылары бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, өрт сөндірушілердің қауіпсіздігіне және арнайы техниканың жеткіліксіздігіне назар аударды. Олар төтенше жағдайлар министрінен жауап күтетінін жазып жатыр.
"Міне жұмыстарына адалдық деп осынау айтуға болады, сен тұр мен шығайын деген жігіттер, көз алдында әріптестері құлап жатсада, бой бермей екіншісі өз өмірін бәйгеге тігуге дайын азаматтар. Еңбектері бағалау керек"