Астанада көпқабатты тұрғын үйдің баспалдақ алаңында қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, Ж. есімді азамат тұрғын үйдің баспалдақ алаңында тұрып, кіреберіс терезесінен көшеге қарай кіші дәрет сындырған.
Оқиға әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға түсіп, кейін сотта қаралған.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінген. Оның кінәсі іс материалдары және бейнежазба арқылы дәлелденді.
Сот Ж.-ны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті бұзып, айналадағыларға құрметсіздік танытатын әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейді.
Аталған бап бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.
Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, азаматтың қоғамдық тәртіпке деген құрметсіздігін және оқиғаның әлеуметтік желілерде кең таралғанын ескерген.
Нәтижесінде ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамақ тағайындалды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.