Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында кейінгі жарты жылда мұнай өндірісі 3,7%-ға азайған. Сондай-ақ, осы кен орнынан өндірілген ілеспе газ көлемі 4,2%-ға төмендеген.
«ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, елімізде мұнай және газ конденсатының өндірмұіс көлемі 1,1%-ға артып, 11 млн 989 мың тонна болған.
«Ал «Теңіз» кен орнында мұнай өндірісі 3,7%-ға азайып, 2 млн 872 мың тонна болып отыр. Бұл – тәулігіне 126 мың баррель деген сөз. Осы ретте ілеспе газ өндірісі көлемі 4,2%-ға төмендеп, 1 млрд 587 млн текше метр болып отыр. Көрсеткіш биыл мамыр айында шикі газ айдау объектілерінде күрделі жөндеу жүргізілгендіктен төмендеді», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
«Теңіз» кен орнында биыл сәуірде ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының нысандарын пайдалануға беру бойынша жұмыс басталған. Жаңартылған кестеге сәйкес, келешек кеңейту жобасы 2025 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланып отыр.