Темірлан Еңсебек ісі: Сот тілін таңдауға қатысты пікірталас туды

Ақтоты Жапатова 09 сәу. 2025 15:00 486

Бүгін, 9 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық сотында "Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот процесі жалғасты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Темірлан Еңсебектің әкесі Марат Тұрғымбай сотта қазақ тілінде сөйледі, судья сот өндірісі орыс тілінде жүргізіліп жатқанын айтып, орысша сөйлеуді өтінді.

"Қоғамдық қорғаушы, сіз жаңа сотты жүргізу тілі жайлы мәселені көтердіңіз. Осы орайда ұлыңыз, яғни сотталушы Темірлан Еңсебек өзі сотты жүргізу тілі ретінде орыс тілін таңдағанын есіңізге саламын. Сіз сотталушының өкілі ретінде бұл туралы білесіз", - деді судья.

Алайда Марат Тұрғымбай бұл туралы білмегенін айтты. Бұған дейінгі Алмалы аудандық сотында қазақша сөйлегенін жеткізді.

"Орыс тілін таңдаған біз емес, сіздің балаңыз. Бірақ сіз соған қарамастан жұрттың алдында әдейі сұрақ қойып, процедураны бұзып отырсыз. Мен ана тілді білемін, жетік меңгергенмін, сотты қазақша жүргізейік десеңіз, жүргізейік. Бірақ сотталушы Темірлан Еңсебек ертең "сот неге орыс тілінде жүрмеді" деп дау шығармас үшін дәл осы жерде заңда белгіленген тәртіпке сәйкес сот тілін ауыстыру туралы өтінішін айтсын. Тіл туралы мәселені ушықтырудың қажеті жоқ екенін ескертемін. Заң бәріне ортақ. Маған соттың қай тілде өткені бәрібір. Тілді таңдаған сіздің балаңыз. Сот өндірісінің тілін бұзуға болмайды. Сотты аралас жүргізуге болмайды. Сіздердің адвокаттарыңыз бар, олар заңды біледі, егер мен заң бұзушылыққа жол беріп отырсам, адвокатыңыз сізге түсіндіреді",- деді судья.

Еске салайық, қылмыстық кодекстің "Араздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған Темірлан Еңсебек сот процесіне Алматының тергеу абақтысынан видеобайланыс арқылы қосылды. Қорғау жағы Еңсебекті сот залына әкелуді сұрады. Темірлан Еңсебек байланыс өте нашар екенін айтты. Бірақ прокурор қарсы шықты. Сот қорғау жағының өтінішін қабылдаған жоқ. Отырысты "гибридтік режимде" жалғастыруды бұйырды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар