Теміржол тасымалындағы заңбұзушылық: ҚТЖ-ның “еншілес” компаниясы 1,4 млрд теңге айыппұл арқалады

Қаракөз Амантай 02 жел. 2025 15:46

Астанадағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті “ҚТЖ-Жүк тасымалдары” ЖШС-іне қатысты жүргізілген тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу бәсекелестік туралы заңнаманы бұзу белгілеріне байланысты басталған еді.Оған Қазақстан мен Қырғызстанның ұлттық экспедиторлар қауымдастықтарының, сондай-ақ бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың шағымдары негіз болған.

Тергеу нәтижесінде “ҚТЖ-Жүк тасымалдары” ЖШС жүктерді тасымалдау жоспарын келісу кезінде өзімен аффилирленген компанияларға — “KTZ Express” АҚ және “КедентрансСервис” АҚ-ына артықшылық бергені анықталды. Бұл әрекеттер басқа жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергі келтіріп, нарықтағы теңсіздікке себеп болған.

Аталған әрекеттер монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды.

2025 жылы 22 тамызда Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен “ҚТЖ-Жүк тасымалдары” ЖШС ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1,42 млрд теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Астана қалалық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар