Телефоныңыз бұғатталып қалуы мүмкін! Министрлік маңызды ескерту жасады

Сағыныш Сардарова 27 нау. 2025 17:45 1523

25 наурыздан бастап Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл өзгерістер тек елге 25 наурыздан кейін әкелінген құрылғыларға қатысты. Бұған дейін Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық телефон автоматты түрде "ақ тізімге" енгізіледі және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастыра береді.

Министрлік тіркелмеген, бірақ бұрын әкелінген және әлі сатылмаған құрылғыларды тіркеу үшін қосымша 60 күн беру туралы шешім қабылдады. Яғни бизнеске және азаматтарға 25 мамырға дейін барлық құрылғыны https://kz-imei.kz порталы арқылы заңдастыруға мүмкіндік берілді.

Жаңа талаптарға сәйкес елге алғаш рет әкелінетін барлық мобильді құрылғы міндетті түрде GSMA халықаралық деректер базасында, сондай-ақ, мемлекеттік салық және кедендік жүйелерде верификациядан өтуге тиіс. Бұл құрылғының өндіруші мәлімдеген сипаттамаларға сәйкестігін, елге заңды жолмен әкелінгенін және растайтын құжаттары барын, сондай-ақ, IMEI кодтың жоғалған, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар базасында бар-жоғын тексеруді көздейді.

Верификациядан мына тұлғалар өтуге тиіс:

  • импорттаушылар: елге әкелінетін барлық құрылғы бойынша;
  • жеке тұлғалар: құрылғы бұған дейін Қазақстанның ұялы байланыс желісінде қолданылмаған болса;
  • авторизацияланған сервис орталықтары: техникалық себептерге байланысты IMEI кодты ауыстырған жағдайда.

"Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін заңдастырылмаған құрылғылардың ұялы байланыс қызметтерін пайдалануы шектеледі. Сонымен қатар, желіге алғаш қосылғаннан кейін 30 күн ішінде тіркеуден өтпеген құрылғылар қара тізімге енгізіліп, бұғатталады", - деп ескертті министрлік өкілдері.

Құрылғыны сатып алмас бұрын оның IMEI кодын https://imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеруге болады. Бұл азаматтарға жалған немесе ұрланған телефон сатып алудан сақтануға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар