“Елдік мүдде, ұлт болашағы тілмен емес тірлікпен жұмылу қажет” - Нұркен Асанов

“Елдік мүдде, ұлт болашағы тілмен емес тірлікпен жұмылу қажет” - Нұркен Асанов
Нұркен Асанов

Астанада «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің бес жылдығына орай ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» атты БАҚ өкілдері арасындағы республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шараға еліміздің 14 өңірінен келген журналистер қатысып, үздік жұмыстардың авторлары арнайы марапаттарға ие болды.

Жиында сөз сөйлеген «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұркен Асанов ұйымның бес жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы баяндады.

«Біздер, “Сенімен Болашақ” азаматтық қоғам өкілдері ретінде негізгі міндетті халыққа, қоғамға қызмет ету деп білеміз. Ал БАҚ өкілдерінің де міндеті – ақпарат кеңістігіндегі ағартушылық арқылы елдік мүддеге қызмет ету. Яғни, бәріміздің иеленгеніміз – бір терінің пұшпағы», – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов.

Оның айтуынша, осы уақыт аралығында бірлестік Қазақстанның 16 өңірінде жұмыс жүргізіп, 350 мыңнан астам ата-ананы және азаматтық қоғам өкілдерін қамтыған. Ұйым 17 435 іс-шара, 57 форум, 5 симпозиум, 3767 семинар-тренинг, 300-ден астам түрлі бағыттағы байқау және 20 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған.

Нұркен Асанов журналистиканың қоғамдағы ағартушылық рөліне тоқталып, ақпарат құралдарының ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен қоғамдық сананы қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Сондай-ақ алдағы уақытта БАҚ өкілдеріне арналған осындай байқаулар мен конкурстар кең көлемде жалғасатынын жеткізді.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 50-ге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысты. Қатысушылар ұлттық тәрбие, қоғамдық сана, ортақ жауапкершілік, рухани мұра және азаматтық ұстаным тақырыптарындағы материалдарын ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен төрт негізгі номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясында Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің бас редакторы Жанаргүл Қадырова жеңімпаз атанса, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясында Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Жұмашова үздік деп танылды.

«Ағартушылық демекші, журналистика мамандығының өзі де ағартушылық дәрежесінде. Сондықтан ақпаратты талдап, қоғамға дұрыс жеткізу – үлкен жауапкершілік», – деді Нұркен Асанов.

Ал «Республикалық баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Сәндібек Преновке бұйырса, «Үздік радио немесе YouTube бағдарламасы» аталымында QAZAQ RADIOLARY құрамындағы «Шалқар» ұлттық радиосының журналисі Гүлнұр Омарханқызы жеңіске жетті.

Сонымен қатар Qamshy.kz, Ertis телеарнасы, Qyzylorda телеарнасы, «Мұнара» газеті, Qaz365.kz, «Jambyl-Taraz» газеті, «Ortalyq Qazaqstan» газеті, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Dauletten.kz ақпараттық сайты, Президент телерадиокешенінің JIBEK JOLY радиосы және Павлодар облыстық Halyq радиосының өкілдеріне арнайы жүлделер табысталды.