Айгүл қарындасымыздың сөздері ұлтқа жанашыр сипатта болғанмен, шындыққа жанаспайтын тұсы көп. Сондықтан посттарындағы мәтінге қатты мән беріп жүрген жоқпын. Даусы жуан шығып жатқанымен, жолы жіңішке қарындасым ғой. Мені басқа нәрсе алаңдатады, басқа нәрсе ойландырады.
Осындай қаракөздеріміздің толық зерттемеген, өзіне айдай айқын болмаған тақырыптармен жүйкесі шаршап, жұртқа жан айқайын жеткізе алмай жабығып жүргеніне біз, еркектер кінәліміз-ау.
О заманда бұ заман, қазақ қыз баласын қашан қоғамның талқысына тастап қойып еді?!
Байғыздай ұлытып, бақадай шулатып даурыққан даулы іске қыз баласын жұмсап па еді? Борбайлатып шапқызып, боз інгендей ыңырантып, боқтасаң да қайтпа деп жаға жыртысқан жанжалдың басына апарушы ма еді? "Қылыш қынын жоғалтса, қол кеседі, қыз қылығын жоғалтса, жол кеседі!"
Мәселе Айгүлде емес, мәселе шешетін еркектің азайғанында, мәміле жасайтын ердің майдаланғандығында. Қызын қылықты қылып өсіріп, мінезін жібектей қылып құлпыртатын әкенің тапшылығында. Қарындасын алақанға сап аялайтын, көптің көзтүрткісінен қызғанып, көңіліне кірбің шалдырмай қамқор болатын ағалардың жоғалғандығында.
Еркектің бәрі ту ұстап тұрса, арулар атының шылбырын уыстап тұрмас па еді? Еркек біткен қоғамның жыртығына жамау боп жүрсе, арулар үйде маxаббатқа алау боп жүрмес пе еді? Неге десеңіз, біз қыздарымыздың толыққанды жүрегі тыныштық тауып, сенген азаматы сертінен таймай, әр күні шаттыққа толы шадыман өмірмен қамтамасыз ете алмай жатырмыз. Егер ер азаматтар аруын алақанға салып, мінін емес, мінезін бағып, қасиетін қайрақтай жанып, энергиясын жақсы іске жағып отырса, білегін сыбанып дау іздейтін, жағасын жыртып жау іздейтін әйел баласы қалмас еді.
Нәзік қыздардың мұншалықты беті ашылып, тілі қышымас еді. Әртүрлі бейәдеп сөздер нормаға айналмас еді.
Жандайшап жұрттың "бәрекелдісіне" арбалмас еді. Біз, еркектер кінәліміз. Аруларымызды ашындырған да, арлыларымызды шешіндірген де өзіміз. "Әй" дейтін әже табылса да, "Қой" дейтін қожа бола алмай жүрміз. Сосын кімге, не деп ренжиміз? Әрине "беттен алады", бүлдіршін кезде беделіңді көрсете алмасаң. Әрине "төске шабады" төркіндеп келетіндей төр тауып бере алмасаң. Қаракөздерге қамқор болар, шарапатымен шалқар болар ер азаматтардың аздығы, қыз боп киініп, қыз боп сөйлейтіндердің ездігі – ең үлкен қасіретіміз. Иә, қазақта "етегін түріп жауға шапқан, ерінің бүріп алға шапқан" батыр қыздар көп болған. Елдің басын біріктіріп, жұртты ұйыстырған дана, ақылды аналар да аз болмаған. Кей арудың есімімен бекерге тайпаның аты аталып, рудың ныспысы бекітілмеген. Ханға қадірі өткен, тіпті, Пайғамбарға (С.Ғ.С.) ақыл айтқан адал жарлар да болған. Мен қыз баланың қоғамдық деңгейде қызмет етіп, елдік проблемаға үн қосқанына қарсы емеспін. Бірақ білмейтін жерге із қалдырып, білмейтін адамға сөз келтіріп, өнбейтін дауды, өспейтін елге қуғызып, достан жау жасап, сыбыстан дау жасап отырған кезде налисың, не айтарыңды білмейсің.
Сондықтан Айгүл қарындасымыз мен жайлы толық білмегендіктен, осылай айтып жатқан шығар.
Қазақ айтады ғой: «Кісі танымағанын сыйламас», «Кісі – білмегеннің дұшпаны» деп. Заңгер Айгүл қарындасымыз жабыққанға жәрдем беретін, қамыққанның көңілін табуға тырысатын қазақтың қызы ғой. Жақсылық ойлап, жаны ышқынып жүрген шығар. Алдағы уақытта білер, таныр, пікірі өзгерер, оған уақыт керек қой, мен оған асығып жатқан жоқпын. Әр нәрсенің қайыры бар. Дауласып жүргендер дос боп жатады. Сыйласып жүргендер жау боп жатады. Өмір ғой. Кейде қарап тұрып, көшеде ашынған қыз көрсем, қамқор әке, аялар аға болмағанын сезем, ашылған қыз көрсем, "әй" дейтін әке, қызғанар аға жоқ екенін сезем. Әркім қол астындағыдан жауапкер.
Біз – ер азаматтар қазақ қызының отбасында ерке, қоғамда көркем болуы үшін, өмірден өз орнын тауып, ақ шашты әже болғанша әдемі мінезі, ары мен ұяты сақталуы үшін қам жеуіміз керек. Қыздың ары – еркектің абыройы екенін түсінуіміз керек!
Мұхамеджан Тазабековтың
"Қамшы" порталына берген сұхбатынан үзінді