“Таза табысы 400 млрд теңге”. Қаржы министрі елдегі ойын бизнесінің айналымына қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 25 жел. 2025 10:05

Қаржы министрі Мәди Тәкиев елдегі ойын бизнесінің айналымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Tizgin.kz агенттігінің журналисі Тәкиевке ойын бизнесіне қатысты депутаттардың мәлімдемесі бойынша сұрақ қойды.

“Бақытжан Базарбек пен Ермұрат Бапи мына ойын бизнесін реттемек болып отырған ЕSU жүйесіне қарсы мәлімдеме жасады. “Енді ойын бизнесінен түсетін төрт триллион теңгенің үш триллион теңгесі Ресейге кетеді”, — деді. Алайда бұл посттар біраз уақыттан кейін жойылып кетті.

Депутаттың үндемей қоя салуына болар ма еді? - деген сұрақ қойылды. Депутаттың өзінен сұрап едік, “бұрынғы позициямды қаламын” деді. Жалпы, сіздер қаржы жүйесіне жауапты адамдарсыздар ғой. Расында да Қазақстаннан осыншама көп ақша кететіндей қауіп төніп тұр ма?”, - деп сұрады журналист.

Министр өз кезегінде ойын бизнесінің қаржылай айналымына тоқталды.

“Мен сізге бір-екі цифр айтайын. Бізде 12 букмекер бар. Бүгінгі таңда Қаржы министрлігі букмекерлердің барлығының ақпараттық бағдарламаларына қосылған. Жалпы, 10 айдың қорытындысы бойынша шамамен 1 триллион 200 миллиард теңге көлемінде ақша ставкаға қойылған. Оның 800 миллиарды қайта қайтарылған. Яғни, жеңіп алған ақша. Ал 400 миллиард теңге шамасында олардың таза кірісі болды. Бұл - он екі букмекер бойынша ақпарат”, - деді ол.

“Сонда сол 800 миллиард теңге - жеңіске қайтарылған ақша ғой, дұрыс па?”, - деп нақтылады журналист.

“Иә, дәл солай. Ал шамамен 400 миллиардтай - олардың таза табысы”, - деп жауап қатты министр.

“Мәди Төкешұлы, сіз бұл депутаттардың мәлімдемелерімен таныссыз ғой. Негіз бар ма, жұртшылық қорқатындай? Әлде ЕSU жүйесі арқылы Ресейге Қазақстанның көп ақшасы кетеді деген негізсіз ақпарат па?…”, — деп сұрады журналист.

Алайда министр бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.

“Оны басқа министрлікке қойыңыз. Аталған сұраққа мен жауап бере алмаймын. Мен сізге цифрларды ғана айтып отырмын. Біз бүгінде он екі букмекерді өз жүйемізге қосқанбыз, олардың бәрін көріп отырмыз. Кім, қанша, қандай ставка қойып жатыр — барлығы біздің бақылауда. Ал қаражаттың әрі қарай қайда кетіп жатқанын айту біздің құзыретімізге кірмейді. Осы шегіне дейін ғана жауап бере аламын”, — деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар