Алматыда қауіпсіздікке қауіп төндіретін апатты ағаштарды кесу жалғасуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматыда "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы аясында көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр.
Қалада 4 миллионға жуық ағаш өседі, бірақ олардың едәуір бөлігі жаңартуды қажет етеді: 485 мың ағаш қураған, ал 84 мыңы апатты жағдайда деп саналады. Бұл ағаштар негізінен қаланың орталық бөлігінде шоғырланған және тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп төндіреді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасыл қорды жақсарту мақсатында апатты жағдайдағы ағаштарды кесудің бесжылдық жоспары әзірленді (2022 жылы жасалған), оған сәйкес кесілетін ағаштардың көлемі біртіндеп көбейеді. Мысалы, 2022 жылы Алматы қаласында 6,7 мың ағаш кесілді, ал 2023-2025 жылдары жыл сайын 17 мың ағашты кесу жоспарланған. 2026 жылы апатты жағдайдағы 27 мың ағашты кесу жоспарланып отыр.
Жасыл қордың тепе-теңдігін сақтау мақсатында кесілген ағаштардың орнына он есе көп тал отырғызылады. Биыл 173 мың ағаш отырғызу жоспарланса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 270 мыңға жетпек.
Сондай-ақ, аудандық әкімдіктер ағаштарды санитарлық мақсатта кесіп жатыр. Бұл шаралар қаланың эстетикалық әрі экологиялық сапасын арттырып қана қоймай, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда маңызды рөл атқарады.
Еске салайық, Қала күні қарсаңында Алматыда Тазалық апталығы өтіп жатыр. 9-13 қыркүйек аралығында "Алматы – біздің ортақ үйіміз" қалалық науқаны мен республикалық "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында көшелерді, аулаларды, субұрқақтарды, өзен жағалауын, саябақтар мен скверлерді, сондай-ақ тау бөктерін тазалау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып отыр.
Қала күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар almaty.kz сайтында, сондай-ақ әкімдіктің Instagram парақшасында, Алматы мәдениет басқармасы мен аудандық әкімдіктердің ресми парақшаларында жарияланған. Ескертейік, аздаған өзгерістер болуы мүмкін. Ақпаратты әкімдіктің ресми интернет-ресурстары арқылы бақылап отыруды сұраймыз.
Айта кету керек, Алматы экономикасы тұрақты өсу үстінде. Жарты жылда 715 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Алматының ЖӨӨ 2024 жылы 4,7% - ға өсті. Алматыда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,8% - ға ұлғайды. Жыл басынан бері Almaty Business Development Company қаланың бизнесін дамыту бойынша 14 мыңнан астам консультация өткізді, 208 рұқсат құжаттарын алуға көмек көрсетілді, 112 бизнес-жоспар әзірленді, 1,5 млрд теңгеге 37 жобаны қаржыландыруға ықпал етілді. «Almaty Business Development Company» Алматы қаласының бизнесті дамыту компаниясы» ЖШС Алматы қаласында инвестициялар тарту және инвесторларға ықпал ету саласындағы өңірлік ұйым болып табылады.