«Таза Қазақстан» акциясына бір жыл: нәтижесі қандай?

Көркем Алдабергенова 15 сәу. 2025 17:22 351

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі және баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясының нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл турады ол телеграм арнасында жазды. 

"Таза Қазақстан" акциясы былтыр сәуір айынан бері Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылып келеді.

"Экологиялық әрі әлеуметтік маңызы жоғары бұл жобаны жұртшылықтың бәрі, әсіресе, жастардың кеңінен қолдағаны қуантады. Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы халқымыз түгелдей қатысатын ауқымды шараға айналды деп сенімді түрде айтуға болады.

Акцияға барлық өңір атсалысты. Жалпы, ел аумағында 183 экологиялық акция өтті. Оған 6,2 миллионнан астам адам қатысты, олардың ішінде 229 мың ерікті бар", дейді Желдібай.

Нәтижесінде 1,1 миллион тоннадан аса қоқыс жиналып, 1,6 миллионға жуық ағаш көшеті егілген. 

"Жоба аясында ауқымды жұмыс атқарылды: аулалар мен аумақтар тазаланды («Таза өлке», World Clean Up Day, «Өнегелі ұрпақ»), ағаш көшеттері егілді («Жасыл аймақ», Бүкілқазақстандық орман егу күні); мәдени-тарихи ескерткіштер аумағы тазартылды («Киелі мекен»); өзен-көлдер мен су тоғандарының жағалаулары ретке келтірілді («Мөлдір бұлақ», «Таза жағалау»).

Рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары айтарлықтай азайды. Егер 2018 жылы 8,7 мың қоқыс орны анықталып, оның 57 пайызы жойылса, 2024 жылы 4,8 мыңға жуық қоқыс алаңы белгілі болып, 93 пайызы жойылды", делінген жазбада.

Былтыр маусым айында @TazaQazBot чат-боты іске қосылды. Жұртшылық бұл платформаға өздері куә болған келеңсіз фактілерді хабарлай алады.

"Чат-бот іске қосылған сәттен бастап 15806 өтінім түсіп, оның 14417-сі орындалды. Қалған 302-сі бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Биыл «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық іс-шаралар наурыз айынан бастап оңтүстік және батыс өңірлерде қолға алынды. Бүгінге дейін ұйымдастырылған 11 тазалық іс-шарасына 223 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 11,6 мыңнан астамы – еріктілер", дейді Руслан Желдібай. 

Нәтижесінде 7,6 мың тонна қоқыс жиналып, 385 мың гектар аумақ тазартылды. Шамамен 74,1 мың жасыл желек отырғызылды.

"Мұның бәрі Президент бастамасының өзекті екенін көрсетіп тұрғаны анық. Мемлекет басшысы айтқандай, «Таза Қазақстан» – бір реттік науқан емес. Ол отандастарымыздың қоршаған ортаға көзқарасын өзгертетін, өскелең ұрпақты туған жерге құрметпен қарауға тәрбиелейтін игі дәстүрге айналуға тиіс", деп түйіндеді президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар