«Қазақстанды шарлап, мыңдаған шақырымды артқа қалдырып, жүздеген, мыңдаған адаммен жүздесіп мынадай тоқтамға келдім: Қазақстан бірте-бірте үшінші әлемнің еліне айналып барады.
Халықты кедейлік пен қайыршылық қос өкпеден қысып жатыр. Ең үрейлісі бұған халық та көндігіп кеткен, сіңірі шыққан кедейлікті тағдырдың жазғаны, қайыршылықты қашып құтыла алмайтын індет іспетті қабылдайды. Әсте, олай емес...
Халқымыз бай да бақуатты ғұмыр кешуге лайықты еді. Мұншама байлығымыз бар бізге бай болуды маңдайымызға жазған еді. Бар болғаны 18-ақ миллионбыз, шақтап алғанда әлемдегі ірі қалалардағы халық санымен бірдей.
Бәлсінгенім емес, Қазақстанды аз уақыттың ішінде бай да бақуатты елге айналдырудың жолын білемін. Өзге халықтардан қай жеріміз кем? Біздің де қолымыздан келеді. Менің ең басты – арман-мұратым осы.
Елімізді шарлап шығып, шынайы Қазақстанды көзіммен көрдім. Дәл қазір бұл маған аса маңызды еді.
Жұртыммен жүздесім үлкен күш-қуат алғаным да рас. Халқымыздың тектілігі мен даналығына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Әлеуметтік желідегі ырду-дырду оны мүлде қызықтырмайды екен.
Өмірдің мәнін лайкпен бағалайтындар Қазақстанды бір шарлап шықса, көкірек көзі ашылар еді. Шынайы өмір мүлде бөлек...», – дейді саясаткер.