Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылып, бүгінгі күні өзінің 27 жылдығына аяқ басты. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», – деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.
Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік біздің ұрпаққа бұйырып отыр. Әрісін айтпағанда, сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдерінің басты мақсаты – туған халқын, елін терезесі тең, тәуелсіз мемлекетке айналдыру басты арманы болған еді. Ең алдымен, тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Ел Президенті батыл қадам жасап, «Семей полигонын жабу» туралы тарихи шешім қабылдады. Содан соң мемлекеттің егемендігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Елдігімізді айқындайтын Елтаңба төрімізге ілінді, көк аспанымызда көк Байрағымыз желбіреді және кең байтақ жерімізде Мемлекеттік Әнұран қалықтады. Айбынымыз – Ата Заңымыз қабылданды. Ұлттық валютамыз – Теңге қолданысқа енгізілді. Әлемдік қауымдастық «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елді мойындады. 1997 жылы Елбасымыз халыққа ең алғаш «Қазақстан – 2030» стратегиялық Жолдауын жариялап, 2030 жылы Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады деген сенім қалыптастырды. Осыдан кейін ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтеріліп, бәсекеге қабілеті артты. Өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылып, әлем сахнасында Еуропа мен Азияны жалғайтын Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болды.
Елбасымыз «Алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында халықтың және сіздер мен біздердің істеп жатқан шаруамыздың барлығы мемлекетіміздің нығаюы, тәуелсіздіктің мықтылығы, халықтың әл-ауқатының артуы үшін жасалуда. Осы жолда бәріміз елдің бізге деген сенімін ақтап, мақсаттарға жетеміз деп мен нық сенемін» деген болатын. Тәуелсіз ел атану бір басқа да, оны жүзеге асырып, нығайта білу бір басқа. Тәуелсіздікті баянды ету – оған қол жеткізуден де қиын. Жас тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын нығайту үшін алғашқы жылдары небір соқпақты да, соқтықпалы жолдардан өтуге тура келді. Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған алдымен экономика, одан кейін саясат бағытымен нарықтық экономикаға бет бұрған еліміз жаңа экономикалық деңгейге көтеріле білді. Мұның барлығы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың пайымды да парасатты жүргізе білген саяси көрегенділігінің нәтижесі.
Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап Қазақстан өзін бейбітсүйгіш, бірлік пен татулықты ту етіп ұстанған ел ретінде көрсете білді. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сарабдал саясатының нәтижесінде еліміз бойынша көптеген өндіріс орындары, зауыттар, кәсіпорындар, мектептер, балабақшалар, мәдениет ошақтары пайдалануға берілуде. Сарыарқаның төрінде мемлекетіміздің асқақ символына айналған, халқымыздың рухани тірегіне айналған елордамыз Астана қаласы бой көтерді. Биыл өзінің 20 жылдығын бүкіл ел болып атап өткен Астана қаласы бүгінде халқымыздың маңдайына біткен баянды бағы мен айбат-айбарына айналды. Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен халықтардың ынтымағы ел экономикасын инвестициялауға барынша тартымды болды. Бүгінгі күні инвестицияның көлемі бойынша, Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында көшбасшы болып табылады. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс.
Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет» деп атап өтті. Тәуелсіздік жылдары тұғыры биік жұрт болсақ, оған сіздердің де қосқан үлестеріңіз қомақты деп білемін. Тәуелсіздіктің 27 жылдығын Шардара ауданы халқы еселі еңбекпен, зор табыстармен қарсы алып отыр. Атап айтар болсақ: 2018 жылдың есепті мерзімінде аудандағы өндіріс кәсіпорындарында 5561,4 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. 2018 жылы ауылшаруашылығы өнімнің жалпы көлемі 30 млрд теңгеге жоспарланса, 10 айдың өзінде 29554.9 млн. теңгенің өнімдері өндіріліп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда нақты көлем индексі 110,5 пайызды құрады. Нәтижесінде жақында ғана Түркістан қаласында өткен облыстық ауылшаруашылығы қызметкерлерінің «Алтын күз-2018» мерекесінде Шардара ауданы «Агроөнеркәсіп кешенінің даму бағдарламасы көрсеткіштерін озат орындаған аудан» номинациясы бойынша 1-ші орынды иеленіп, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, «Ірі қара мал басын асылдандыру бойынша озат аудан» және «Озық технологияларды ендіру» номинациясы бойынша да 1 –ші орынға ие болдық. Инвестиция тарту бағытында да ауданымызда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда: биылғы жылы 6 млрд теңгені құрайтын 2 мақта зауытының құрылысы жүргізілуде, сонымен қатар құны 300,0 млн. құрайтын «Бәйтерек» балық зауыты жұмысын бастады. Өздеріңізге белгілі облыс әкімінің бастамасымен облысымыздың туристік әлеуетін арттыру мақсатында ауданымызда Халықаралық «Shardara Safari» фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын табатын болады.
Мыңжылдықтар тоғысар тұсында тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтарға бұйырып отыр. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы Сіздермен бірге алдағы асуларды аламыз деген сенімдемін. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Біздің бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын. Ендеше осы жолда баршаңызға толайым табыстар тілеймін.
Болатбек Кыстауов, Шардара ауданының әкімі