Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Әсел Тасмағамбетова өзі іргетасын қалаған “Сәби” қоры арқылы 2023 жылы қайырымдылық шараларына 14 861 505 000 теңге қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Dalanews.kz Zhasalash.kz-ке сілтеп.
Портал мәліметінше, бұл ақша түрлі компаниялар мен жекелеген адамдардан жиналған. Алайда нақты қандай мекемелер мен жекелеген адамдардың жомарттық танытқаны жайлы еш ақпарат жоқ.
Ірі шенеуніктердің туған-туыстарының қайырымдылықпен айналысуы авторитарлық елдерге тән. Бірер ғана мысал келтірсек, экс-президент Сара Алпысқызының “Бөбегі”, қызы Әлия Назарбаеваның “Жандану әлемі”, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жары Гүлнар Досаеваның “Дара” қоры есіңізге түседі. Жалпы өркениетті елдерде қайырымдылық көрсету мәдениеті қалыптасқан. Қорға құйылатын әр тиынның қайдан, кімнен келгені және қайда жұмсалғаны ашық жарияланады. Барлық мәліметтер ашық дереккөздеріне жарияланады. Ал бізде ондай ашықтық жоқ. Тіпті сол қордың құрылтайшылары жайлы ақпарат алу мүмкін емес. 2002 жылдан бері қайырымдылықпен айналысып жүрген Әсел Иманғалиқызы журналистер үшін жабық адам. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген бірде-бір сұхбаты жоқ. Ол мүмкіндігі шектеулі балалар мен талантты балаларды қолдаумен айналысады. Білім саласы, медицина және шағын бизнестің дамуына жәрдем көрсетеді. Ешбір әлеуметтік желілерде жеке парақшасы жоқ. Бар білетініміз – ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің тұңғышы. Мамандығы –заңгер. Белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевтің жары.
Айтпақшы, былтыр қайырымдылыққа 15 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсаған Әсел Тасмағамбетованың жары Forbesжурналы жариялаған байлар тізімінде 15-орында. Оның дәулеті – 570 000 000 АҚШ долларын құрайды. Соңғы жылдары Кеңес Рақышев Қазақстандағы активтерін азайтқан. Яғни дүние-мүлкін сатқан, яки шетелдерге шығарған.
Әдетте билік түрлі әкімшілік ресурстар арқылы кәсіпкерлерді қандай да бір шараларды қолдауға міндеттеп тастайды. Немесе бір жобаларға кеткен қаражатты сұрағанда “оған кәсіпкерлер демеушілік жасады” деген жаттанды жауаптары дайын тұрады. Ал біздің кейіпкеріміз әкімдер тарапынан “өтініш” айтылмайтын атымтай жомарт. Қоғамда қайырымдылығы арқылы танымал болуды, карьера жасауды мақсат тұтатындар бар. Әсел Иманғалиқызы ол санатқа да кірмейді. Салық сарапшыларының айтуынша, қайырымдылықпен айналысатын мекемелер садақадан түскен қаражат бойынша салықтан босатылған. Бәлкім, лауазымды шенеуніктердің туған-туыстарының қайырымды болуы осы себепті ме деген де сұрақ туындайды. Қазақ қоғамын қайырымдылық қорларына күдікпен қарайтыны жасырын емес. Себебі өз ақшаларының нақты діттеген жеріне жететініне күмәнмен қарайды.