Алматы тауларына серуендеуге шыққан екі бойжеткен Терешкова шыңы маңында тас көшкініне тап болып, төмен түсе алмай қалған. Олар теңіз деңгейінен 3445 метр биіктікке көтерілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға туралы хабар "109" қызметіне түскен. Қыздарды іздеуге Алматы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары аттанды.
Мамандар алдымен олармен визуалды байланыс орнатып, түн ішінде орналасқан жеріне жеткен. Кейін бойжеткендердің қауіпсіз түсуін ұйымдастырып, таңертең экологиялық бекетке дейін жеткізген. Сол жерден қыздар туыстарына табысталды.
Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.
ТЖМ тауға шығуды жоспарлаған азаматтарға маршрутты алдын ала зерттеп, ауа райын ескеруге және физикалық дайындығын дұрыс бағалауға кеңес берді. Сондай-ақ телефонды толық қуаттап, байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды бірге алып жүру қажет екенін еске салды.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда "112" нөміріне хабарласу керек.