Тарихи жоба: Қазақстан “Достық – Мойынты” теміржолының екінші желісін іске қосты

Қаракөз Амантай 01 қаз. 2025 15:52

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Достық – Мойынты" теміржолының екінші желісін іске қосуға қатысты. Салтанатты шара VII Халықаралық транспорттық-логистикалық New Silk Way бизнес-форумы аясында өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жоба стратегиялық мәнге ие, себебі жаңа 836 км ұзындықтағы магистраль жүктерді тасымалдау көлемін бес есе арттыруға, экспорттық тауарларды жеткізу мерзімін қысқартуға және Қазақстанның Қытаймен транзиттік әлеуетін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді.

"Бұл шын мәнінде тарихи сәт. Үш жыл бойы тоқтаусыз еңбек еткен біздің жұмысшыларымыздың қажырлы еңбегі арқасында теміржол желісі жоспарланған мерзімінен бұрын іске қосылды. Жаңа жол экономика мен транзиттік әлеуетімізді нығайтады", - деді Мемлекет басшысы.

Integra Construction KZ қатысуы

Бұл ауқымды жобаның бас мердігері – Integra Construction KZ компаниясы болды. Қозғалысты іске қосу телекөпір форматында өтті, оған компанияның бенефициарлық иесі Мүтәліп Шахмұрат пен Қадағалау кеңесінің төрағасы Құдірет Шәмиев қатысты.

"Біз осы тарихи жобаның бір бөлігі болғанымызға мақтанамыз. "Достық – Мойынты" екінші желісі – Қазақстанды әлемнің ең ірі нарықтарымен байланыстыратын артерия. Біздің еңбегімізді тікелей Мемлекет басшысы атап өткеніне қуаныштымыз. Жаңа магистраль ел экономикасына серпін беріп, транзиттік әлеуетті бірнеше онжылдыққа нығайтады. Басшылық атынан бүкіл командаға жоғары кәсіби шеберлік пен адал еңбегі үшін алғысымызды білдіреміз", - деді Шәмиев.


Екінші желінің ұзындығы - 836 км. Құрылыс күрделі климаттық жағдайда жүргізілді және жоспарланған мерзімінен бұрын, үш жылдан аз уақытта аяқталды. Жобаға мыңдаған қазақстандық мамандар қатысып, қолданылған материалдар мен техниканың 80%-дан астамы отандық өндіріс болды.

Еске сала кетейік, Integra Construction KZ – Қазақстандағы ірі құрылыс компаниясы, экономика дамуын қамтамасыз ететін ауқымды инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды жүзеге асыруға маманданған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар