Тарихшылар: "Түркістанның тарихы тым тереңде жатыр"

Dalanews 05 қар. 2018 10:43 730

2017 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша Күлтөбе қалашығының  археологиялық қазба жұмыстарын «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» жүргізуде.

2016-2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігің Гранттық қаржыландыруы бойынша Ә.Марғұлан атындағы археология институты «Ежелгі Түркістан қамалы: қала мәдениетінің дамуы (архитектура, жобасы, стратиграфиясы)» тақырыбы зерттеу жүргізген болатын.

«Күлтөбе» қалашығындағы ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстары ескерткіштің барлық тарихи кезеңдерін анықтап, нәтижесінде қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыруға бағытталған.
Қазіргі Түркістан қаласының түп тарихын зерттеу - тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі.

"Әуелі Иасы, кейін Түркістан атанған қаланың тарихы тым тереңде жатыр. Ертедегі Иасының орны — Күлтөбе. Қазіргі Түркістан айналасындағы басқа да көне және ортағасырлық мекен құландылары: Сидақ ата, Шойтөбе, Қарашық - I, II, Төрткүлтөбе- I, II атты ескерткіштер археологиялық тұрғыдан зерттелу үстінде. Ал Иасы — Түркістанның XV-XVIIІ ғасырлардағы тарихын зерттеуде кезек күттірмейтін шаруа", – дейді тарихшылар. 

Себебі, түрлі кезеңде қала айтулы өзгерістерге тап болған. Қазақ хандығы тұсында Иасы шағын қыстақ дәрежесінен Қазақ хандығының бас қаласына айналды. Қаланың осы кездегі тарихын зерттеу арқылы төл мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің қыр-сырларын тануға болады.

Мұнда ел тағдырын шешкен мәслихаттар өткен, хан сайлаған құрылтайлар болған.  

Түркістан атырабындағы археологиялық ескерткіштердің зерттеле бастағанына 130 жылдан астам ғана уақыт болды. Осы жылдар ішінде ондаған археологиялық ескерткіштер табылып, есепке алынды.


"Күлтөбе» қалашығы (І мың жылдық ортасы –ХІҮ ғ.) «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ескерткіштер тізіміндегі Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай - 350 метр жерде орналасқан. Сопақша келген, биіктігі - 9 метр, аумағы - 150х120 метр ауқымды төбешік.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар