Тарихшы жаңа Конституцияға қатысты тосын ұсыныс жасады

Сағыныш Сардарова 02 ақп. 2026 11:30

Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін қоғамда түрлі пікір айтыла бастады. Солардың бірі - республиканың тарихи атауын қалпына келтіру мәселесі. Тарихшы Сәбит Шілдебай Қазақстанның атауын қайтадан "Қазақ Республикасы" деп өзгерту қажет деген ұсынысын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, 1920 жылы 6 қазанда Қазақ АКСР құрылғаны ресми түрде жарияланған. Ал 2025 жылғы қазанда бұл тарихи оқиғаның 105 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві республикалық ғылыми конференция өткізген.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1920 жылғы 26 тамызда В.Ленин қол қойған "Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін құру туралы" декретте де "Қазақ" атауы қолданылған. 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын ресми түрде қайтарып, ол орыс тілінде "Казак" деп жазыла бастайды. Ал 1936 жылдан бастап атау "Казах" болып өзгертілген.

1936 жылы Қазақ АКСР-і одақтас республика мәртебесіне ие болып, сол кезеңде де "Қазақ" атауы сақталған. Тарихшының айтуынша, республика бұл атауды 71 жыл бойы иеленіп келді.

Алайда 1991 жылғы 10 желтоқсанда Тәуелсіздік қарсаңындағы саяси жағдайларға байланысты "Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы" шешім қабылданып, тарихи атау өзгертілген.

Сәбит Шілдебайдың пікірінше, қазір әзірленіп жатқан жаңа Конституция – Қазақстан тарихындағы бесінші, ал тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші Конституция. Оның сөзінше, осы құжатты қабылдау барысында мемлекеттің тарихи атауын қайтару орынды әрі әділетті қадам болар еді.

Сарапшы көршілес Қырғызстанды мысалға келтіріп, 1993 жылы бұл ел Қырғызстан Республикасы атауын Қырғыз Республикасы деп өзгерткенін де еске салды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove