«Әділет» партиясы фракциясы Қазақстан тарихына қатысты жалған әрі бұрмаланған ақпараттың таралуына қарсы жүйелі тетік құруды ұсынды, деп хабарлайды Dala News.
Мәжіліс депутаты Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министріне жолдаған депутаттық сауалында қазіргі таңда тарихи сана тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайтынын айтты.
Оның сөзінше, жастар Қазақстан тарихы туралы ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube сияқты цифрлық платформалардан жиі алады. Алайда бұл кеңістікте дереккөзі күмәнді, ғылыми негізі жоқ және бұрмаланған тарихи контент тез таралады.
«Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деді депутат Мемлекет басшысының Құрылтай сессиясының ашылуында айтқан сөзін келтіріп.
Каринованың айтуынша, мұндай ақпаратқа дер кезінде кәсіби түрде жауап беріп, қоғамға нақты әрі сенімді дерек ұсынатын жүйе қажет.
Депутат ақпараттық саясат тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтарға реформалардың мақсаты мен нәтижесін түсіндіретін, сондай-ақ қоғамдағы өзгерістерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізетін журналистика қажет.
«Ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды», – деді Шолпан Каринова.
Осыған байланысты «Әділет» фракциясы Үкіметке ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды ұсынды.
Сонымен қатар Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру, тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау ұсынылды.
Фракция TikTok, Instagram және YouTube платформаларында Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске қосуды және тарихи тақырыптағы жалған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыруды сұрады.