Freedom Inside '26

Таразда сыныптасын өлтірген жасөспірім сотталды

Таразда сыныптасын өлтірген жасөспірім сотталды
gov.kz

Жамбыл облысында сот оқушылар арасындағы қайғылы оқиға туралы іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот мәліметінше, кәмелетке толмаған сотталушы Р. - 9-сынып оқушысы.

"Ол Тараз қаласындағы мектепте кәмелетке толмаған құрдасы А.-мен қақтығыс кезінде оған физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен. Мойын жарақатының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болды", - деп жазылған сот мәліметінде.

Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдермен дәлелденген.

Прокурор сотталушыға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен сотталушы Р. ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚК 81-бабының 7-бөлігі және ҚК 55-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы негізінде 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сот сотталушының заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өндіріп алды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.