Таразда мектептегі соққыдан оқушы бір көзінен айырылды: Ата-анасы тергеуге наразы

Таразда мектептегі соққыдан оқушы бір көзінен айырылды: Ата-анасы тергеуге наразы
Фото: time.kz, Фото-коллаж: stan.kz

Таразда мектеп қабырғасында соққыға жығылып, бір көзінен айырылған жасөспірімнің ата-анасы істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етіп отыр. Отбасы жанжалға қатысқан барлық адамның әрекетіне құқықтық баға берілуі керек деп санайды, деп dalanews.kz тілшісі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға биыл 14 сәуірде Тараз қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында болған.

Жасөспірімнің анасы Зухра Кәрімованың айтуынша, бірнеше оқушы оның ұлын "сөйлесеміз" деген сылтаумен киім ауыстыратын бөлмеге шақырған. Бөлмеде оны бірнеше жасөспірім күтіп тұрған.

"Шабуылға үштен беске дейін жасөспірім қатысты. Алдымен Дамирдің көзіне темір затпен соққы жасап, кейін бірнешеуі жабылып ұрды. Балам жерге құлап, қарсыласуға шамасы қалмаса да, соққыны тоқтатпаған", – деді анасы.

Жасөспірімге үш рет ота жасалған

Отбасының мәліметінше, шабуыл жасағандар зардап шеккен оқушыға көмек көрсетпей, бөлмеде жалғыз қалдырып кеткен. Алған жарақатының салдарынан Дамир сол көзінен толық айырылған. Осы уақытқа дейін оған үш рет операция жасалған.

Жасөспірімнің анасы істің бастапқыда қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейтін баппен тіркелгенін айтады. Қала прокуратурасына жүгінгеннен кейін іс Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қайта сараланған.

Алайда жәбірленуші тарап тергеу әлі де толық жүргізілмеді деп есептейді.

"Баламның жауабы мен басқа да дәлелдерге қарамастан, оқиға адамдар тобы жасаған қылмыс ретінде қарастырылмай отыр. Дәрігерлер көзге темір затпен соққы жасалуы мүмкін деген қорытынды бергенімен, оған да тиісті құқықтық баға берілген жоқ. Материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы талап қойдық, бірақ күдіктілер әлі азаматтық жауапкер ретінде танылмады", – дейді отбасы мүшелері.

Күдікті үйқамаққа алынған

Жамбыл облысының прокуратурасы денсаулыққа ауыр зиян келтіру дерегі бойынша негізгі тергеу аяқталғанын хабарлады.

Күдікті ұсталып, кейін мамандандырылған тергеу сотының шешімімен екі айға үйқамаққа алынған. Сараптамалар жүргізіліп, куәлардан жауап алынғаннан кейін оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі бойынша түпкілікті сараланған.

Қазір қылмыстық іс Тараз қаласының прокуратурасына жолданған. Материалдар зерделенген соң соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен қатар прокуратура жәбірленушіні өзге оқушылардың да ұруы мүмкін деген дерек бойынша жеке қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ол Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі – алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған бұзақылық бойынша тергеліп жатыр.

Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жарияланбайды.

Мектеп басшылығына тәртіптік жаза қолданылды

Оқиғадан кейін мектепте Оқу-ағарту министрлігінің тексеруі жүргізілген.

Жамбыл облысы білім басқармасының мәліметінше, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін мектеп директоры Индира Нұралиеваға қатаң сөгіс жарияланған. Құқықтық мәселелер жөніндегі директор орынбасары да қатаң сөгіс алып, қызметінен босатылған.

Мектеп психологына, сынып жетекшісіне, дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне, әлеуметтік педагог пен аға тәлімгерге де тәртіптік жаза қолданылған.

Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков мектепте буллингтің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілгенін айтты. "Буллингсіз болашақ" тренингіне 97 оқушы қатысып, 270 ата-анамен кездесу өткізілген. Сондай-ақ оқушылар арасында сауалнама жүргізіліп, жеке және топтық кеңестер ұйымдастырылған.

Отбасы баланы шетелде емдетуді жоспарлап отыр

Дамир Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бақылауында болған. Алайда анасының сөзінше, қазақстандық дәрігерлер енді көмектесу мүмкіндігі жоқ екенін айтқан.

Отбасы Корея мен Түркиядағы клиникаларға өтініш жолдап, жауап алған. Қазір шетелдегі емге қажетті қаражат мәселесін шешіп жатыр.

"Осы уақытқа дейін де көп шығын шықты. Енді қаражат жинауға тура келуі мүмкін", – деді Зухра Кәрімова.