Таразда жалған құжатпен мемлекеттік пәтер алған тұрғынның ісі әшкереленді

Сағыныш Сардарова 02 там. 2025 17:13

Тараз қаласында жалған құжат арқылы өзін мемлекеттік қызметші ретінде таныстырып, заңсыз түрде мемлекеттік тұрғын үй қорынан екі бөлмелі пәтер алған әйелдің әрекеті әшкереленді. Бұл туралы Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді,  деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тексеріс барысында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінде азаматша С.-ның жалған анықтама арқылы мемлекеттік қордан пәтер алғаны анықталған. Күдікті өзін мемлекеттік қызметкер ретінде көрсетіп, "Ұлы Дала" ықшамауданынан екі бөлмелі пәтер иеленген.

Прокуратураның тапсырмасымен жүргізілген сот-қолтаңба сараптамасы бұл анықтама жалған екенін растады. 2025 жылдың 22 шілдесінде Тараз қаласы полиция басқармасы бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады.

Қазір пәтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қайтарылған баспана тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға берілмек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар