Таразда балаларын 5-қабаттан лақтырған әйел депрессияда болған – омбудсмен

Көркем Алдабергенова 09 ақп. 2026 14:07

Тараз қаласында әйелдің екі кәмелетке толмаған баласын бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Балалар Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген. Омбудсменнің айтуынша, өңірлік уәкіл балалардың жағдайымен арнайы барып танысқан.

«Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық, ал қыз баланың жағдайы ауырлау, сүйек сынуы бар. Анасының бұрын ауыр депрессиялық жағдайы анықталған, алайда емдеу толық көлемде аяқталмаған», – деп жазды Зәкиева.

Омбудсмен балаларды қорғау ісіндегі ең күрделі мәселелердің бірі – медициналық құпия екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы себепті денсаулық сақтау органдары ауыр депрессиялық жағдайы бар немесе психикалық денсаулыққа байланысты есепте тұрған ата-аналармен бірге тұратын балалар туралы балалардың құқықтарын қорғау органдарына ақпарат бермейді.

«Қатыгездік пен кісі өлтірудің ондаған дерегі осындай жағдайлармен байланысты. Балаларды қорғау функциясын атқаратын органдар қажет болған жағдайда отбасына барып, тиісті шара қолдануы үшін ақпаратқа ие болуы тиіс. Бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешу қажет деп санаймын», – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Зәкиеваның мәліметінше, күн сайын балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты орта есеппен бес қылмыс тіркеледі. Мұндай қылмыстардың 60–70 пайызы жақын туыстар – анасы, әкесі немесе жақын ортасындағы адамдар тарапынан жасалады.

Омбудсменнің сөзінше, мұндай қауіптерді алдын ала анықтау өте қиын, себебі қылмыстардың басым бөлігі үй ішінде, жабық есіктің артында жасалады.

Осыған байланысты 2024–2025 жылдары қабылданған заңдар аясында тәуекелдерді ерте анықтауға, отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған бірқатар жаңа құралдар енгізілген. Өткен жылы мобильді топтар 13 мың отбасын анықтап, оларды отбасыны қолдау орталықтарының сүйемелдеуіне берген. 111/QR 111 арқылы 1130 зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Сонымен қатар 29 мың ата-ана ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылып, 1126 адам ата-ана құқығынан айырылған, 661 адамның құқығы шектелген.

Сонымен бірге, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыр қылмыстарды анықтау көрсеткіші артқанымен, жыныстық қолсұғушылық, кісі өлтіру және өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақаттарына қатысты аса ауыр қылмыстар 6%, 10% және 54%-ға төмендеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove