Таразда ақша бопсалаумен айналысқан үш блогер сотталды

Көркем Алдабергенова 23 ақп. 2026 17:15

Тараз қаласындағы №2 сот бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іске нүкте қойды. Айыпталушы - блогер Абай (Сократ) Жүндібаев, сондай-ақ Кенесариев пен Ахметжанов. Үшеуін де былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ақша алу кезінде ұстаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот айыпталушылар “Тараз-Арена” спорт кешенінің басшысы Жанат Бабаевтан 2,5 млн теңге талап еткенін анықтаған. Бұл қаржы блогер Жүндібаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған жазбаларды өшіру үшін сұралған. Ол жазбаларда спорт кешенінің жұмысына қатысты сын айтылып, ғимараттағы кемшіліктер көрсетілген.

Ақшадан бөлек, айыпталушылар кадрлық талаптар да қойған. Атап айтқанда, А. есімді әйелді бұрынғы жұмысына қайта алу және комплаенс-қызметінің қызметкері Г.-ны жұмыстан босату шартын алға тартқан. Жәбірленуші бұл талаптарға келісіп, Кенесариевке 2,5 млн теңге мен екі жылдық абонемент тапсырған.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыларға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жүндібаев пен Кенесариев кінәларын мойындамай, толық ақтауды талап етті. Ал Ахметжанов кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді.

Айып тағылған баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру және мүлікті тәркілеуді көздейді. Сот жеңілдететін мән-жай ретінде Жүндібаев пен Кенесариевтің бұрын сотталмағанын және кәмелетке толмаған балалары барын, сондай-ақ Ахметжановтың кінәсін толық мойындағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен үш айыпталушы да кінәлі деп танылды. Абай Жүндібаев 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Ахметжанов пен Кенесариевке 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove