"Тапсырыс берген": Түркияда Қазақстан азаматын өлтірді деген күдіктілер ұсталды

"Тапсырыс берген": Түркияда Қазақстан азаматын өлтірді деген күдіктілер ұсталды
КТК телеарнасы

Түркияда Қазақстан азаматы Ариф Исмаиловтың өліміне қатысы бар деген күдіктілер ұсталды. Тергеу дерегінше, кәсіпкерді атуға АҚШ түрмесінде жазасын өтеп жатқан қылмыс әлемінің өкілі тапсырыс берген болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, күдіктілер Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында қолға түскен.

Тергеу мәліметі бойынша, ұсталғандар тапсырыспен адам өлтіру, кәсіпкерлерге қысым көрсету және бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері болуы мүмкін. Бұған дейін халықаралық іздеуде жүрген азаматтардың басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.

Арнайы операция кезінде күдіктілерден тапанша тәркіленген.

Еске салайық, 35 жастағы алматылық кәсіпкер Ариф Исмаилов 2026 жылдың наурыз айында Ыстамбұлда қарулы шабуылға ұшыраған. Белгісіз адам оның басынан оқ атқан. Ауыр жараланған Қазақстан азаматы ауруханаға жеткізілгенімен, кейін көз жұмды.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, қылмыстық құрылымның бірқатар мүшесі Алматыда да ұсталған.

"Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр. Қазіргі уақытта анықталған қылмыстық фактілер бойынша дәлелдер жинау жалғасуда. Қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа да күдіктілер анықталып жатыр", – деді ол.

Құқық қорғау органдары топтың ұйымдастырушысы ретінде қарастырылып отырған адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Тергеу жалғасуда. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.