Жарты жылдан аса уақыт бұрын алматылық Владимир Пакалин жантүршігерлік жол апатынан кейін арбаға таңылып қалған. Жол апатына кінәлі деген Altyn Bank-тің басқарушы директоры Динара Арслан әлі жауапқа тартылмаған. Ал жәбірленушінің отбасы әлі күнге дейін өтемақы өндіре алмай жүр екен, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.
60 жастағы Владимир Пакалин жол апатынан кейін мүгедек болып қалған. Өмірін 180 градусқа өзгерткен жол апаты жазда болған. 18 шілдеде Владимир веложолақпен самокатпен келе жатқан. Оқиға қаладағы Шевченко және Манас көшелерінің қиылысында болған.
Оның сөзінше, Porsche Macan S автокөлігі қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Түрлі дене жарақатын алған ол ауруханаға жеткізілген. Бірнеше операция жасауға тура келген. Осы уақытқа дейін бірнеше процедурадан өтуіне тура келген. Артынша оны қаққан танымал қаржы блогері Динара Арслан екені анықталған.
Жол апатынан кейін Алматы аудандың полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Зардап шеккен Владимир Пакалиннің сөзінше, жол апатына кінәлі әйелдің көлігі арнайы айыппұл тұрағына да апарылмаған екен.
Instagram-да 236 мыңнан аса оқырманы бар Динара Арслан бұл дерекке қатысты парақшасында пікір білдірмеген. Дегенмен оқырмандары оның парақшасына "шабуыл" жасап, жол апаты туралы сұрақтар жаудыра бастаған.