Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Үртайұлы Тарази қайтыс болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаралы хабарды Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы мәлімдеді.
- Қазақ әдебиеті мен өнері орны толмас ауыр қайғыға ұшырады. Бүгін көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Франц Кафка медалінің иегері, профессор Әкім Үртайұлы Таразидің дүниеден өткенін күйзеле отырып хабарлаймыз.
Әкім Тарази – қазақ әдебиеті, киносы мен драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның қаламынан туған туындылар қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алды. Тарихи, философиялық, әлеуметтік тақырыптарды терең қозғаған шығармалары бірнеше буын оқырманның рухани жан азығына айналды.
Қазақ әдебиеті, мәдениеті мен өнері жолындағы еңбегі мәңгі есте сақталады. К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымының атынан, отбасы мен туған-туыстарының, шәкірттері мен оқырмандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз, – делінген ақпарат көзінің жазбасында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
– Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.