Талғарлық Шерзаттың өлімі: қылмысқа қатысы бар 7 адам ұсталды

Қаракөз Амантай 08 қаз. 2024 14:58 3093

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, барлық кінәлі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

“Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлелдер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде. Қазіргі уақытта жеті адамның қылмыс жасауға қатысы бар екені анықталды”, - дейді Алматы облысының полиция департаменті.

Мәліметке сәйкес, жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша басқа тұлғалардың қатысын анықтау үшін тергеу шеңберінде тексеру жүргізілуде.

“Әрқайсына жеке құқықтық баға берілетін болады. Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдері тергеу барысы туралы хабарланып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды”, - деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.

“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар