Талғар қаласында қыз зорлады деген күдікке ілініп, тергеу изоляторынан қашып кеткен адам ұсталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 21 қазанда уақытша ұстау изоляторынан қашқан күдікті Тереңқара ауылының шетінде ұсталды.
Іздестіру жұмыстары басталған сәттен бастап полицияның барлық күштері жұмылдырылды, сондай-ақ іздеу шараларына қоғамдық көмекшілер, еріктілер мен облыс тұрғындары тарапынан құрылған ерікті жасақтар белсенді түрде атсалысты.
Күдікті қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған жасалған негізгі қылмысқа қосымша қамаудан қашқаны үшін айып тағылады.
Полиция іздеу шараларына қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдіреді.
Еске салайық, 21 қазанда Алматы облысында уақытша ұстау изоляторынан күдікті қашқан болатын. Оны ұстау үшін арнайы "Сирена" жоспары енгізілді.
"Негізгі бағыттарда бақылау-өткізу пункттері орнатылып, барлық күш пен қаражат қашқынды тауып, ұстауға бағытталған. Сонымен бірге қашып кетудің мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеру тағайындалды", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.
Баспасөз қызметі жағдай облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін хабарлаған болатын.