Талғарда сегіз жастағы қызға сексуалдық сипаттағы әрекет жасамақ болған ер адам бұрын сотталған болып шықты

Талғарда сегіз жастағы қызға сексуалдық сипаттағы әрекет жасамақ болған ер адам бұрын сотталған болып шықты
Фото: ЖИ

Алматы облысының Талғар қаласында сегіз жасар қызға қатысты әдепсіз әрекет жасамақ болды деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл туралы баланың ата-анасы әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 24 тамызда болған. Анасының айтуынша, үшінші сыныпқа баратын қызы құрбысының үйінен велосипедпен қайтып келе жатқан. Жолда шамамен 40–50 жастағы бейтаныс ер адам оны тоқтатып, велосипедінің дөңгелегіне тас тұрып қалғанын айтып, көмектесуге уәде берген.

Ата-анасының сөзінше, күдікті баланы аялдама қалқасының тасасына апарып, денесіне қол тигізген және әдепсіз әрекет жасауға талпынған. Қыз қарсылық білдіріп, жылай бастағаннан кейін ер адам оны жіберген.

Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні жедел анықтап, ұстаған.

Баланың әкесі ұсталған азаматтың бұрын адам өліміне қатысты қылмыс бойынша сотталғанын жеткізді.

"Ол азамат адам өлімі бойынша 25 жылға сотталған екен. Биыл бостандыққа шыққан. Қызымызды көшеде келе жатқан жерінен аялдаманың тасасына апарып, сексуалдық сипаттағы әрекет жасамақ болған. Ол ойын соңына дейін жүзеге асыра алмағанымен, мұндай әрекетке барды. Бұл адам біз үшін де, балалар үшін де өте қауіпті", - дейді қыздың әкесі.

Сондай-ақ ол істің тергелу барысына алаңдайтынын жеткізді.

"Қазір осы оқиға бойынша іс қозғалып жатыр. Бірақ іс бұрмаланып жатқан сияқты көрінеді, тергеу барысы бізді қанағаттандырмай отыр. Күдіктінің ағасы Талғар қаласында адвокат болып жұмыс істейтінін білдік", - деп қосты ол.

Қазіргі уақытта отбасыға заңгерлік қолдау көрсетіліп, балаға психолог мамандар көмектесіп жатыр.