Бір ғана Талғар ауданының өзінде бес бірдей білім шаңырағы бой көтеріп, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілген.
Айталық, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Талғар ауданының Ақтас ауылында №36 орта мектепке және Белбұлақ ауылындағы №32 білім шаңырағына 600 орындық ғимарат жапсарлай салынып, оқушыларды қабылдады. Бұл мақсатқа 2 млрд 374 млн теңге қаржы бөлінген.
Сонымен қатар Еламан, Кіші Байсерке, Еңбекші елді мекендерінде 300 орындық жаңа мектептер қолданысқа өтті. Талғар ауданында халық саны көп болғандықтан, алдағы уақытта тағы да жаңа мектептер салу жоспарда бар. Айта кетерлігі, ауданның барлық мектебі интернетпен қамтылған.
Талғар ауданының 2017 жылы білім саласының бюджеті 10 млрд 153 млн теңгеге жетті. Бұл қаржы аудан бюджетінің 72 пайызын құрайды.
Бүгінгі күні ауданда 67 балабақша жұмыс жасайды, оның ішінде 6 мемлекеттік, 61 жекеменшік балабақша бар. 58 балабақша - «Балапан» бағдарламасына енгізілген. Жекеменшік балабақшалар аудан көлемінде соңғы бірнеше жылдан бері көбейе түсті. 2016 жылдан бастап ауданда 1795 орындық 30 жекеменшік балабақша іске қосылса, 2017 жылдың І жартыжылдығында 200 орындык 2 жекеменшік балабақша ашылады. Жыл соңына дейін тағы 200 орынға жаңа балабақша ашып, мектепке дейінгі балаларды қамту пайызын 95 пайызға көтеру көзделіп отыр.
Бақтияр ҚАБАС,
Алматы облысы