Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасын іске асыру аясында Алматы облысының Талғар ауданындағы бірқатар мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы оқу сабағы енгізіледі.
Жобаны жүзеге асыру мәселелері Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында өткен кеңесте талқыланды.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деген болатын.
Құқықтық сана мен тәртіпке құрметті қалыптастыру бала кезден басталуы тиіс. Бұл жоба осы маңызды міндетті жүзеге асыруды көздейді.
Кеңес жұмысына құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық білім басқармасының басшылығы мен педагогтар қауымдастығы қатысты. Оның қорытындысы бойынша жобаны Талғар ауданындағы 3 колледж бен 10 мектепте пилоттық негізде енгізу туралы шешім қабылданды. Сабақтар жаңа оқу жылынан бастап 7–10-сыныпта оқитын 7 500-ден астам оқушыны қамтитын болады.
Жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп әзірледі. Оның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында заң үстемдігіне, азаматтық жауапкершілікке және Отанға адал қызмет етуге деген саналы көзқарас қалыптастыру.
Сабақ барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллингке қарсы күрес, өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гуманистік құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Курсты жүргізетін негізгі тұлғалар – құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет атқарған, мол тәжірибесі бар ардагер мамандар. Бас прокуратура қоғам мен мемлекетке адал қызмет етудің үлгісін көрсете алатын 26 білікті маманнан құралған арнайы оқытушылар тобын дайындады.
– Адал әрі жауапты азамат тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеті. Заң – кез келген мемлекеттің берік іргетасы. Заңға құрмет болған жерде әділет, қауіпсіздік және даму болады. Сондықтан жас ұрпаққа құқық пен тәртіпке деген саналы көзқарас қалыптастыру – бәріміздің ортақ парызымыз. Жаңа оқу курсы дәл осы құндылықтарды насихаттауға бағытталған, – деді Арман Қырықбаев.
Пилоттық кезең өз тиімділігін дәлелдесе, жоба еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен жүзеге асырылады.
Кеңес соңында Арман Қырықбаев жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, жобаның барлық кезеңде сапалы әрі нәтижелі орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.